Қазақстандық танымал белсенді, блогер және қоғамдық пікір көшбасшысы Дәулет Мұқаев Парламент Мәжілісіне бір мандатты округ бойынша сайлауға түсіп, Астана қаласынан халықтың тікелей дауыс беруі арқылы 51 769 дауыс жинап жеңіске жетті, деп хабарлайды taulik.kz сайты. Әділетті сайлаудан үмітті болған Дәулет Мұқаев мыңдаған оқырмандарының қолдау білдіргенін және үгіт-насихат қағаздарын өзі жапсырып жүріп алған жеңісін ешкімге бермейтінін айтты.
«Науқан барысында 100-ден аса кездесу өткізіп, 10000-ға жуық адаммен тікелей кездесіп, адал жеңіп алған жеңісімді ешкімге бермеймін», - деді ол.Блогер өзімен қатар мәжіліс депутаттығына сайлауға түскен оппозиция өкілі Арман Шораевтің саяси науқандағы белсенділігі туралы қосып өтті.
«Ол кісі 1 ай науқанда тек әлеуметтік желіде және Ресей мен Украин соғысының ақпарат майданында жүрді. Астана жұртшылығына бір рет те шыққан жоқ, қала мәселесін есіне де алған емес. Арман ағаға қарағанда қазақ тіліне шорқақ емеспін, ана тілім қазақ тілі. Орысша интервью берген емеспін. 1 ай науқанның 1 аптасын шет елде (оны да өз адамдары келіп айтты) өткізген кісіге не айтамын?!» - деді ол.Дәулет Мұқаев Шораевты аға деп сыйлайтынын, бірақ сайлаудан кейін оның ағалық қамқорлық көрсетудің орнына табалағанын айтып, Facebook парақшасында бөлісті.
«Ағалық қамқорлық көрсетудің орнына табалап отырсыз. Жастарға жол беру керек деп айтасыздар да, расында олай болмай шықты. Сайлауға дейін айтсаңыз түсінер едім, біз бәріміз қатар тең шықтық. Тіпті, сіздің менің округімнен шығатыныңызды білмедім де. Менің бар кінәм жеңгенім бе? Әлде сіздің атыңыз танымал болғаны үшін аяғыңызға бәрі жығылуы қажет пе? Бұл ескі Қазақстанның әрекеті ғой. Менің жанымда мыңдаған жастың үміті тұр. Соларды ақтау - мойныма жүктелген міндет. Аға аман болыңыз! Жеңілгенді жер көтереді! Өзіңізді әрқашан адалмын деп мақтанасыз, таза жеңілісті де мойындау керек.» - деді ол.