Болат Назарбаевтың бұрынғы әйелі ретінде танылған 43 жастағы Гүлнұр Назарбаева қазір Дубайда тұрып жатыр, деп хабарлайды Taulik.kz inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Гүлнұр Уахапқызы – Болат Назарбаевтың үшінші әйелі болған. Қазір ол хиджаб киіп, 33 жастағы өзбек кәсіпкері Азиз Ниязовтың жары атанған. Балалы жұп қазір Дубайда тұрып жатыр.
Айта кетелік, бұрынғы президенттің інісі Болат Назарбаев биыл наурызда 70 жасқа толды.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Болат Назарбаев пен Гүлнұр Дүйсебаеваның (бұрынғы тегі) некесі 2009 жылғы 25 тамызда Алматы облысы Жамбыл аудандық АХАЖ бөлімінде тіркелген. Неке тіркелгеннен кейін Гүлнұр Дүйсебаева күйеуінің тегін алған. 2013 жылы ол жеке куәлік, 2018 жылы Гүлнұр Назарбаеваның атына төлқұжат алған.
2021 жылғы 18 наурызда Қарасай аудандық соты ерлі-зайыптылар арасындағы некені жарамсыз деп таныған. Неке бұзылғаннан кейін Назарбаев бұрынғы әйелі бұдан былай тегін алып жүруге құқығы жоқ деп есептеп, соттан бұрынғы текті өзгерту актісін жойып, Гүлнұр Назарбаеваның құжаттарын жарамсыз деп тануды сұрайды. 2021 жылдың 28 қыркүйегінде сот Болат Назарбаевтың талап арызын қанағаттандырған.
Алайда Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бұл шешімнің күшін жойып, Гүлнұр бұрынғы жұбайының тегінде қалған. Себебі, ерлі-зайыптылардың тегін некеге дейінгі тегіне ауыстыру мәселесін жеке талап арызбен емес, неке жарамсыз деп танылған кезде сот шешетіндігін айтып жауап берілген.