Қазақстанда азаматтар мен бизнеске арналған жаңа 66 цифрлық қызметтер енгізіледі

Қазақстанда азаматтар мен бизнеске арналған жаңа 66 цифрлық қызметтер енгізіледі

ашық дереккөзі

Қазақстанда азаматтар мен бизнеске арналған бірқатар жаңа цифрлық қызметтерді іске қосу және «электрондық үкіметтің» архитектурасын жаңғырту жоспарланып жатыр. Осы және өзге де тақырыптар Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында талқыланды, деп хабарлайды taulik.kz сайты inform.kz-ке сілтеме жасап. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бүгінгі күні мемлекеттік органдардың 2023 жылы іске асыру жоспарланып отырған 66 цифрлық бастамаларының тізбесі пысықталғанын баяндады. Олардың ішінде мүгедектікті белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптаманы цифрландыру, мектепке дейінгі ұйымдарға бірыңғай цифрлық кезекті іске қосу, ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алу бойынша vet Mobile қосымшасын енгізу, әскерге шақырудан босату немесе уақытша кейінге қалдыру рәсімін автоматтандыру, нотариаттық қызметтерді электрондық форматқа көшіру жоспарланды. Осы бастамаларды іске асыру азаматтар мен бизнестің нақты өмірлік жағдайларын шешуге бағытталған, әртүрлі сатыларда қағаз құжаттармен жүру және ұзақ уақыт кезекті күту қажеттілігінен босатады.Сонымен қатар, - тұрғын үй алуға цифрлық кезекті іске қосу, - онлайн режимінде еңбек шарттарын жасасу мүмкіндігін іске асыру, - мобильді қосымшада жеке тұлғалар үшін кедендік декларациялауды қамтамасыз ету, -азаматтарды (push-хабарлама) медициналық профилактикалық қызметтерді алу қажеттілігі немесе өз өңірінде жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы хабардар ету, - жанар-жағармай құю станциясында мұнай өнімдерінің бар-жоғын тексеру бойынша сервисті іске қосу жоспарланды. Сондай-ақ, дебюрократизацияның негізгі элементі ретінде деректермен жұмыс істеу, азаматтардан әртүрлі мәліметтерді сұрау қажеттілігін болдырмау мәселесі талқыланды. Премьер-Министр цифрландыруды ілгерілету және қызмет көрсетудің проактивті форматын кеңейту халықтың өмір сүру сапасына оң әсерін тигізетінін атап өтіп, ұсынылған бастамаларды мақұлдады. Жиында жер қатынастарын цифрландырудың барысы да қаралды. Осы жұмыс шеңберінде жылжымайтын мүліктің Бірыңғай мемлекеттік кадастрын (ЖМҚК) кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланып, оның негізінде жер ресурстарының қоғамдық кадастрлық картасы және электронды сауда алаңы іске асырылатын болады. Әлихан Смайылов Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру процесін ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарауды тапсырды. Отырыс барысында республика өңірлерін кең жолақты интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз ету шаралары және 5G желісін енгізудің техникалық мәселелері, сондай-ақ сапалы құрылымдық деректер негізінде мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау тәсілдері талқыланды.

Loading...