Рыбакина қазақстандық жас теннисшілерге 2,5 млн теңгеден берді

Рыбакина қазақстандық жас теннисшілерге 2,5 млн теңгеден берді

ашық дереккөзі

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина еліміздің жас теннисшілеріне қолдау көрсетті, деп хабарлайды taulik.kz Қазақстан теннис федерациясына сілтеме жасап. Елена Рыбакина «Уимблдон-2022» жеңісінен кейін жүлде қаражатының бір бөлігі отандық жас теннисшілерді қолдауға бағытталатынына уәде берді. Қазақстанның теннис федерациясының баспасөз қызметі хабарлағандай, таяуда Елена Рыбакина Астанада қаңғыбас жануарларды құтқарумен айналысатын «СтопОтлов» еріктілер қозғалысына қаржы аударған. Ал келесі күні чемпион қазақстандық жас теннисшілерге қолдап көрсетіп, олардың болашақта үздік ойыншы болуға ұмтылуына қаражат бөлді. Рыбакина жас теннисшілерді өзі таңдап, нәтижесінде 14 ойыншы 2,5 млн теңгеден алды. Олардың қатарында Линара Бөлешева, Полина Барабанова, Амина Нұрахан, Ариана Гогулина, Сатима Төреген, Ева Карышева, Альбина Кәкенова, Аружан Арыстанбекова, Дана Байдәулет, Іңкәр Дүйсебай, Айя Нүпбай, Полина Слепцова, Сандуғаш Кенжебаева және Зара Даркен бар. Сондай-ақ жас теннисшілер Еленаға хат жазып, аталған спортқа келу тарихы туралы айтып берді.

«Менің ойымша, жас теннисшілер арасында турнир ұйымдастырып оларға гранттар тағайындау дұрыс болар еді. Өйткені мен бір кездері Қазақстаннан үлкен қолдау таптым. Енді жас ұрпақтың дамуына көмектесу - менің кезегім»,- деген еді Елена Рыбакина Уимблдонда жеңіске жеткеннен кейін.
Осылайша спортшы өз уәдесін орындады.

Loading...