Мектепте атыс болып, 3 оқушы қаза тапты

Мектепте атыс болып, 3 оқушы қаза тапты

ашық дереккөзі

АҚШ-тың Теннесси штатындағы христиан мектебінде атыс болып,  үш бала қаза тапты. Шабуылдаушыны полицейлер атып өлтірді, деп хабарлайды taulik.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Полицияның мәліметінше, оқиға Нэшвилдегі Бертон-Хиллз бульварында орналасқан мектепте болған. Шақыру бойынша келген полицейлермен атыс кезінде қылмыскер қаза тапқан. Медицина қызметкері оққа ұшқан үш баланың ауруханаға жеткізілгенін хабарлады. NBC News мәліметінше олардың үшеуі де ауруханаға жеткенше қайтыс болған. Құрбандар мен шабуылдаушының аты-жөні, жасы жарияланған жоқ. Оқиға орын алған Нэшвилдегі мектеп алтыншы сыныпқа дейінгі оқушыларға арналған жеке христиан мектебі, онда балалар шамамен 11-12 жасқа дейін оқиды. Мектеп сайтындағы мәліметке сәйкес, онда 200-ге жуық оқушы бар. Education Week мәліметінше, тек биылғы жылы АҚШ-та 12 мектепте атыс болып, кісі өлімі немесе жарақат алу дерегі тіркелген. 2023 жылы 14 ақпанда АҚШ-тағы Мичиган университетінде атыс болып, үш адам қаза тауып, бес адам жарақат алған. Атыс жасаған ер адам көп ұзамай өз-өзіне қол жұмсаған. 17 ақпанда АҚШ-тың Миссисипи штатындағы Аркабутла шағын қаласында қарулы ер адам өзінің бұрынғы әйелі мен тағы бес адамды атып өлтірген. Бұл жыл басынан бергі 73-ші атыс («Қару қолданып зорлық-зомбылық таныту» мұрағаты, GVA зерттеу тобының мәліметі). 2022 жылдың 27 мамырында Техас штатының Ювалд қаласындағы мектепке жасалған қарулы шабуылдан 19 оқушы мен екі мұғалім қаза болған.

Loading...