Қайрат Боранбаевтың ісі бойынша өткен сотта прокурор айыпталушының мүлкін тәркілеп, сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды taulik.kz Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.
Айыптаушы тарап Қ.Боранбаевты газды қайта сату кезінде 14,5 миллиард теңге жымқырды деп айыптап отыр.
«Қ.С.Боранбаев 28-баптың 5-бөлігі, 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, 218-бабының 3-бөлігінің 3-тармағында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, өмір бойына қызмет атқару құқығынан айырумен сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», - деді прокурор Айжан Аймағанова.
Алайда кәсіпкер тергеушілердің кәдімгі коммерциялық мәмілені қылмыс деп санағанын, енді ұлттық компанияға материалдық шығын келтірді деген айып тағылып отырғанын айтады.
Сонымен қатар сотқа аталған іске қатысы бар деген айыппен Роман Наханов пен «Qazaq Gaz» АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та тартылып жатыр. Олар үшін де прокурор сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
Үшеуі де кінәсін мойындаған жоқ.