ОСК ғимаратынан шыққан жаңа депутат Руслан Берденов журналистердің сұрағына жауап беруге енді дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды Taulik.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап. Ол мұның алдында «Журналистердің сұрағына жауап бермей қашты» деген сөздің орынсыз екенін, ғимаратқа жүгіре кіргенін асығыс болғанымен түсіндіруге тырысты. Тілші жаңа депутаттан бірнеше мәселені - мұқтаж халықтың жағдайы, Парламентте көтеретін проблемалары және Қаңтар оқиғасы туралы сұрады.
«Жалпы ауылдағы ағайынның мәселелерін білемін. Өйткені біздің бизнесіміздің көпшілігі ауылдық-аймақтарда екенін еске саламын. Сайлауалды турымыз аясында, одан бұрын да ауылдарды аралап, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып шыққанмын. Проблема көп. Ең өзектісі – білім. Ауыл мен қала арасындағы білім деңгейі алшақтап кеткен. Екіншісі – жұмыссыздық. Нақты инфрақұрылым, үлкен кәсіпорындар, жұмыс орындары жоқ», - деді Берденов.Ол фармацевтика саласындағы қиындықтарды да атап өтті. Өйткені дәрі-дәрмектің 93 пайызға жуығы - импорт. Ары кеткенде 7 пайызы ғана өзімізде өндіріледі.
«Сондықтан бұл салада қымбатшылық сақтала береді. Дәрі шығаратын кәсіпорындарды дамытпай, мұны шешу мүмкін емес. Ал оны дамыту үшін бізге ғылыми орталықтар керек. Бұл алдағы он-жиырма жылдың жұмысы емес, жүз жылдың жұмысы. Десе де қолдан келгенше импортты азайтуымыз керек», - деді депутат.Берденов Қаңтар оқиғасының шындығын ашуды құзырлы орындарға сілтеді. Өзінің бұл тақырыпқа жақындамайтынын меңзеді. Алайда бизнесінің сол кезде көптеп зардап шеккенін алға тартты.