Мәзір
29 наурыз, 2023 / taulik / Жаңалықтар

Шымкенттегі жер сілкінісі: тұрғын үй сапасыздығына шағым түсіп жатыр

Шымкенттегі жер сілкінісі: тұрғын үй сапасыздығына шағым түсіп жатыр

Шымкенттегі жер сілкінісі: тұрғын үй сапасыздығына шағым түсіп жатыр Шымкенттегі жер сілкінісі: тұрғын үй сапасыздығына шағым түсіп жатыр
ашық дереккөзі
Шымкент қаласы Шымсити ықшамауданындағы 96 пәтері бар тоғызқабатты үйдің тұрғындары пәтерлерінің қабырғасы жарылғанын айтып шағымдануда. Олар "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 15 жыл ипотекаға алған пәтерлері сапасыз болып шыққанына наразы, деп хабарлайды taulik.kz Азаттық радиосына сілтеме жасап. Тұрғындардың бірі Қаламқас Асқанбетова үш бөлмелі пәтерінің жарылмаған қабырғасы қалмағанын айтады. Оның сөзінше, 21 наурызда қалада болған 3 балдық зілзаладан соң қабырғадағы жарықтар үлкейе түскен.
"Жер сілкінген кезде үй тербелді. Бес баламызды алып, қашып шықтық. Үш күн бойы үйге кіруден қорықтық. Енді үйіміз құлап қалмай ма деген үреймен жүрміз", – дейді Қаламқас.
Қаламқаспен бір үйде тұратын Шолпан Құртанова да үш бөлмелі пәтерін ипотекаға сатып алған. Айына 120 мың теңге кредит төлейді. Ол үй әу бастан сапасыз салынған деп есептейді.
"Шатырынан су ақты, жертөлесі суға толды, құбырлары жарылды. Енді міне, жарылған қабырғалары көбейді. Тағы жер сілкінсе, үйіндінің астында қалатын шығармыз. Бұл үйде әрі қарай тұруға бола ма, жоқ па – тиісті орындар сараптама жасауы керек", – дейді Шолпан.
Үй ауласына шығып, нарызылығын айтқан 10-нан астам адаммен кездесуге үйді салған мердігер компанияның өкілі мен Шымкент қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ердәулет Әжібаев келді. Олардың сөзінше, "зілзаладан кейін қабырғалар жарылғаны – қалыпты жағдай".
"Бұл үй 8 балдық зілзалаға шыдайтындай етіп салынған. 21 наурызда болған жер сілкінісінен соң қабырғалар жарылғаны рас. Оны мердігер компаниялар қалпына келтіреді", – деді Әжібаев.
Компанияның өкілі де зілзаладан пәтер қабырғалары жарылғанын жоққа шығармады. Оның сөзінше, қазірге дейін алты пәтерден шағым түскен. №9 тұрғын үй 2018 жылы салынып, пайдалануға берілген. Құрылыс сапасына бес жыл кепілдік берілген. Кепілдік мерзімі биыл желтоқсанда бітеді.  Шымкентте жаңадан салынған үйлердің сапасына шағым жиі айтылады. 2022 жылы Шымкентте жаңадан салынған тұрғын үйлердің сапасына байланысты 24 компанияға айыппұл салынған.

Апта талқысында: