Кейінгі кездері Қазақстанның шахмат әлемінде атышулы қақтығыстар жиі орын алып жатыр. Оған дәлел - шахматшы Бибісара Асаубаева мен Жансая Әбдімәлік арасындағы дау, деп жазады Taulik.kz. Демалыс күндері қыздар тағы да бір-біріне қарсы бағытта мәлімдеме жасаған болатын. Асаубаева өзінің Instagram парақшасында «Мен Әбдімәлікке қарсы ауыр сөздерді толқып тұрып айтуым мүмкін» деп жазды.
"Әрине, салқын сананың алдында жүретін эмоциялардың да ауыр салдары болуы мүмкін. Бұл барлығына сабақ болсын. Шахматшы бірнеше қадам алға ойлануы керек - ең алдымен, өмірде. Өйткені мұнда қателіктің бағасы шахмат тақтасындағыдан әлдеқайда жоғары. Қателескен болсам, оны мойындауға дайынмын. Қасиетті Рамазан айында ой мен ниетіңнің таза болуы ерекше маңызды. Егер ренжіткен болсам кешірім сұраймын. Ондай мақсатым болған жоқ", - деп жазды ол.Айта кетейік, бұл шахматшылар арасындағы алғашқы жанжал емес. Ал қазақстандықтар екі спортшының бір-бірін қаралап жатқанын түсінбей әлек. Әбдімәлік әріптесінің бұл мәлімдемесіне түсініктеме беріп, оқиғаға "бұл біздің ішкі ас үй" деген баға берді.
"Ақша туралы ешқандай әңгіме болған жоқ. Біз Өзбекстан шахмат федерациясын мысалға келтірдік, олардың жылдық қаржыландыруға үш миллион доллар бөлетінін айттық. Мүмкін Бибісара бір жерін шатастырып, қате естіген шығар. Сонда да бұл ақпарат қате айтылды", - деді Әбдімәлік Малика Зиядиннің жеңісіне орай өткен баспасөз мәслихатында.Бұл мәлімдемеге жауап ретінде Асаубаева жанжалдың барлық қатысушыларына полиграфта тексеруден өтуді ұсынды. Спортшы шындық үшін уақыты мен қаражатын жұмсауға дайын екенін атап өтті. Алайда тексерістен ешкім өткен жоқ. Ал Жансая Әбдімәлік сынға жауап ретінде Асаубаеваның айыптауларына назар аудармауға тырысқанын айтты.
"Менің және әріптестерімнің (соның ішінде Асаубаеваның өзі) ұйымдастырушылардан көңілі қалды. Ортақ ақылдасып ФИДЕ президенті мен басқарушы аппаратына ұжымдық хат жазуды ұйғардық. Қабылданған шешімге өкінбеймін және Қазақстандық шахматшылар қауіпсіз жағдайда ойнауға лайық деп есептеймін", - деп жазды Әбдімәлік.Айта кетейік, халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович Гран-придің үшінші кезеңінде қатысушылардан кешірім сұрады. Блицтен екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева әріптесін өзімшіл әрі кәсіби емес деп танып, оған спортпен айналыспай, тұрмыс құрып, тамақ пісіруге кеңес берді. Оған жауап ретінде Жансая: «Міндетті түрде тұрмысқа шығамын әрі күйеуіме қуана-қуана ас пісіруге дайынмын. Отбасылық өмірі мен кәсіби мансабын сәтті үйлестіре білген көптеген шахматшыларды білемін және олардан үлгі аламын, - деді.