Маңғыстау облысы Жетібай ауылында 13 жұмыссыз тұрғын аштық жариялады, деп хабарлайды Taulik.kz сайты Orda.kz-ке сілтеме жасап. 28 наурызда Жетібай ауылының 50-ге жуық жұмыссыз тұрғыны мұнай компанияларына жұмысқа орналастыруды талап етіп, мұнай кәсіпшіліктерінің біріне баратын жолды жауып тастады. Соның ішінде 13 тұрғын аштық акциясын жариялады. Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 29 наурыздан бері «E-otinish» порталы арқылы ауыл тұрғындарынан аштық жариялау түріндегі наразылық акциясын өткізу туралы 13 өтініш түскенін растады. Олар «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына жұмысқа орналасуда бос жұмыс орындарының 70%-ы Жетібай ауылының тұрғындарына, қалған 30%-ы облыстағы басқа елді мекендердің жұмыссыздарына беруді талап еткен.
«Айта кететін жайт, аштық жариялап акция өткізу қолданыстағы заңнамамен реттелмейді. Тұрғындар мұнай саласында жұмыс істеймін дегендердің барлығын бірден жұмысқа орналастыру мүмкін емес деген шындықты қабылдауы керек. Бұл ретте ауыл тұрғындары әкімдік ұсынған жұмыс орындарынан бас тартып отыр», - деп түсіндірді әкімдіктегілер.Жергілікті әкімшілік наразылық білдірген жұмыссыздарға түсіндіру жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.
«Барлық мәселелер конструктивті диалог арқылы, қолданыстағы заңнама аясында шешілуге тиіс. Сонымен қатар наразылық білдірушілерге заңсыз әрекеттер жасаған жағдайда заңда белгіленген жауапкершілікті еске саламыз», - деді әкімдіктен.Айта кетейік, наразылық акциясы 27 наурызда, жұмыссыз ауыл тұрғындары жұмысқа орналастыруды талап етіп, компанияның мұнай кәсіпшілігіне баратын жолды жауып тастаған кезде басталды. Бұған дейін әкімдік 2023 жылға арналған жұмыс орындарын құрудың өңірлік картасына сәйкес ауданда 3287 адамды (тұрақты негізде – 2748, уақытша – 539) жұмыспен қамту жоспарланып отырғанын атап өткен болатын. Оның ішінде 600-ге жуық адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылады. Бұл бағытта бюджеттен 708 миллион теңге бөлінеді.