Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Надежда Шушаникова барша әріптестері мен атқамінерлерге ұсыныс білдірді. Бұдан кейінгі мәслихат сессиясын мемлекеттік тілде өткізуді ұсынды, деп хабарлады taulik.kz «Адырна» сайтына сілтеме жасап.
Өскеменде VIII сайланған қала мәслихаты депутаттарының алғашқы отырысы өтті. Алқасөзде бір мандатты №11 сайлау округі бойынша сайланған депутат Надежда Шушаникова көпшілікке қарата ұсыныс білдірді.
– Қазақ елінде тұрғандықтан кейін келесі сессиямызды мемлекеттік тілде өткізсек қалай қарайсыздар, – деді депутат.
Депутаттың пікірін тыңдаған Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мұны депутаттың ғана емес, қоғамның сұранысы деп бағалады.
Депутат
Kazınform сайтына сұхбат беріп, өз ұсынысының қоғамдық-cаяси мән-маңызын былай түсіндірді:
«Мәслихат депутаттарының алғашқы отырысында келесі сессияны қазақ тілінде өткізуге ұсыныс жасадым. Себебі біз қазақ елінде тұратынымызды, мемлекеттік тіл – қазақ тілі екендігін ұмытпауымыз керек. Мемлекеттік мекемелердегі жиналыстар, шаралар тек қазақша өтуі тиіс. Өкінішке қарай кейбір шенеуніктер қазақ тілінде екі сөздің басын қоса алмай жатады. Бұл ұят қой!», – дейді Надежда Шушаникова.
Надежда Шушаникова Зайсан қаласының тумасы. Зайсан қаласындағы М.Ломоносов атындағы орыс мектебін бітіріп, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы факультетінде білім алған. Қазір Надежда Шушаникова О. Бөкей атындағы кітапханада «Кел, сөйлесейік» атты қазақ тілі клубында сабақ береді. Оқушыларға, ересектерге мемлекеттік тілді үйретеді.