Алматыда мәжіліс және мәслихатқа өтпеген және сайлаудың нәтижесімен келіспейтін кандидаттар "Халық парламентін" өткізді. Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірнеше талап қойып, 19 наурызда өткен сайлауды заңсыз деп тану қажет екенін айтты, деп хабарлайды taulik.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап. "Халық парламентінің" құрамында Рысбек Сәрсенбай, Мұхтар Тайжан, журналист Инга Иманбай, Арман Шораев, экономист Оразалы Ержанов, журналист Лұқпан Ахмедияров, құқық қорғаушы Ерлан Қалиев, экономист Айман Тұрсынқан, тәуелсіз бақылаушы Арайлым Назарова, саясаттанушы Санжар Боқаев, бұрынғы депутат Нұржан Әлтаев бар. Жиынды Мұхтар Тайжан жүргізіп отырды. Алғаш болып сөйлеген журналист, оралдық белсенді Лұқпан Ахмедиярұлы бюджеттік қызметкерлерді оның ішінде мұғалімдерді сайлау комиссиясы мүшесіне қабылдамауды заңға енгізу қажеттігін айтты. Ол сайлауға билік "белсендісымақ" кандидаттарды алып келіп, соларды өткізуге күш салды, деді.
"Біздің облыста адвокат Абзал Құспан болды. Сол Абзалдың өтуі үшін бар әкімшілік күшін салды (билік – ред.)", - деді ол.Төрт сағатқа жуық уақыт болған жиында келгендер сөз сөйлеп, өз ұсыныстарын айтты. Олардың басым көпшілігі 19 наурызда өткен сайлауда нәтиже бұрмаланғанын жеткізді.
“Халық енді сайлаудан әділдік күтпейді” деген саяси белсенді Оразалы Ержанов референдум өткізуді ұсынды. Ол парламенттің құрамын кеңейтіп, елді парламенттік республикаға айналдыру қажеттігін айтты. "Назарбаевтың қалдырып кеткен Конституциясы жұмыс істеп тұрғанда халықтың әділдік күтуі қате болады. Сол себепті біз референдум өткізуіміз керек, онда екі мәселе қаралады. Конституцияға өзгеріс енгізіп, ол өзгеріс бойынша мәжілістің санын 250-300 депутатқа жеткізу қажет. Референдумда қаралатын екінші мәселе – парламенттік басқару жүйесіне көшу", - деді Оразалы Ержанов.Алматы облысында бірмандатты окуругтен сайлауға түскен журналист Рысбек Сәрсенбай 2022 жылғы 9 маусымдағы және 2023 жылғы 19 наурыздағы өткен сайлаулар демократиялық құндылықтарды қажетсінбеудің айғағы екенін айтты. Сәрсенбайұлы сөзінде “халық парламентінің” қызметін атап өтті. Олардың арасында өзге жайттардан бөлек: сайлаудағы заңсыздық мәселесі, президент және парламент сайлауына жұмсалған миллиардтаған қаржының есебін талап ету, Назарбаев пен оның әулетінің алаяқтықтарын, мемлекеттен жымқырған қаржыларын, кәсіпорындары мен кен орындарын қайтарту, қылмыстық жауапкершілікке тартқызу, қайтарылған қазынаны ел игілігіне пайдалануды қадағалау, Қаңтар қасіретіне байланысты құрылған комиссияларға қолдау жасау секілді міндеттер бар. Парламент сайлауы заң бұзушылықпен өткенін алға тартқан заңгер Ерлан Қалиев бұл заңсыздықтар шешілмейінше “Amanat” партиясының жұмысын тоқтатуды ұсынды. Жиын соңында Ырысбек Сәрсенбайұлы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына парламенттің талабын айтты. Ол сайлауда заңсыздыққа жол берген Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров пен бас прокуруор Берік Асыловқа қатаң шара қолдануды талап етті.