Түркістан облысы Қарабұлақ ауылының тұрғындары қызметтік формадағы мас полицейлерді ұстады. Видео авторының айтуынша, полицей көлікті мас күйінде айдаған, деп хабарлайды taulik.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға 30 наурыз күні Астана уақытымен сағат 23:22 шамасында болған.
"Мына полиция қызметкері қашып, өзінің ішіп алған мас қызметкерін сонша дүйім халықтан жасырып жүр. Қазір біз оларды ұстап отырмыз. Бұлардың да аузынан иіс шығып тұр. Қазір наркодиспансерге апарамыз. Қарабұлақ елді мекенінің Ақмырзаев Асылбек деген басшы қызметкерін шақырдық. Ол да кешігіп келе алмай жатыр", - дейді видео авторы.
Оның сөзінше, көлікте үш полиция қызметкері болған, бәрі мас. Кадрлардан полицияға жергілікті тұрғындардың көптеп қысым жасағаны байқалады. Видеода олардың қашып кетпек болғаны айтылған.
Түркістан облысының полиция департаменті аталған факті бойынша департамент басшысының тапсырмасы бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
3 сәуірде істі тәртіптік комиссия қарайды.