Мұқбасы адам терісінен жасалған кітап әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр. Қолжазба Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы сирек басылымдар мұражайына қойылған, деп хабарлайды Taulik.kz Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
330 беттен тұратын көне латын тілінде жазылған кітап 1532 жылы жарық көрген деген болжам бар. Алайда бүгінде кітаптың 10 беті ғана оқылған.
Ұлттық академиялық кітапхананың ғылым бөлімінің сарапшысы Мөлдір Төлепбай қолжазбаны 2014 жылы жеке коллекционерлердің бірі кітапхана қорына сыйға тартқанын, содан бері музей қорына қойылғанын айтты.
«Бұл экспонатты тамашалауға келушілер көп болды. Кітаптың мұқабасы антроподермиялық, яғни адам терісінен түптеу әдісімен жасалған», - дейді Мөлдір Төлепбай.
Маман қолжазбаның мұқабасы еліміздің ғылыми зертханаларында сараптамадан өткенін де айтып өтті.
«Астанадағы Ұлттық медицина ғылымдары орталығының зертханасында зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қолжазбаның мұқабасында адамның арқа терісі пайдаланылған деген қорытынды жасалды», - дейді сарапшы.
Айта кетейік, қолжазбаның мазмұны әлі де жұмбақ болып отыр.
«Солтүстік Италияда Петрус Пуардус деген нотариусқа тиесілі болған қолжазба 1532 жылы көне латын тілінде жазылған. Жалпы кітап 330 беттен тұрады, бірақ қазір сарапшылар алғашқы 10 бетін ғана оқи алды», - дейді ол.