ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Франция Президенті Эммануэль Макронмен кездесу өткізді. Кездесу Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында орналасқан Халық жиналысы үйінде өтті, деп хабарлайды taulik.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Синьхуа агенттігінің мәлімдеуінше, Си Цзиньпин Франция Президентінің үш жылдан кейінгі Қытайға кезекті мемлекеттік сапарын құптайтындығын айтқан.
Оның айтуынша, екі тараптың бірлескен күш-жігерінің арқасында қытай-француз қарым-қатынасы оң әрі тұрақты дамуын сақтап қалды. Екіжақты тауар айналымы да барынша қарқын өсіп келе жатыр. Елдер аэроғарыш, ауыл шаруашылығы, азық-түлік және өзге де салаларда оң нәтижелерге қол жеткізді.
ҚХР Төрағасы Қытай мен Франция климаттың өзгеруі, биоалуантүрлілік және Африканы дамыту сынды мәселелер аясында да тығыз байланыс ұстанатындығына тоқталған.
Ол Қытай мен Франция БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі, тәуелсіз ірі мемлекет, сонымен қатар көпполярлы әлем идеясы мен халықаралық қатынастардың демократиялануын жақтаушы ретінде айырмашылықтар мен шектеулерді еңсеруге, өзара тиімді, тұрақты, жаңашыл бағыттарды ұстануға, қытай-француз жалпықамтымды стратегиялық серіктестігін ілгерілетуге, бүкіл әлемдегі тұрақтылық пен өркендетуді қолдауға қабілетті әрі міндетті екенін жеткізді.
«Бұл сапар қытай-еуропа қарым-қатынасының дамуына тың серпін беретіндігіне сенімдімін», - деді Си Цзиньпин.