Допингпен ұсталған Джируто сыйақыларды қайтара ма?

Допингпен ұсталған Джируто сыйақыларды қайтара ма?

ашық дереккөзі

Кеше жеңіл атлет Нора Джируто допингпен ұсталып, спорттан белгісіз уақытқа шеттетілді. Athletics Integrity Unit енді спортшымызды тексермек. Ал Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы Джируто ақталуы мүмкін деген мәлімдеме жасады. Taulik.kz тілшісі осы оқиғаға қатысты спорт сарапшысы, журналист Аслан Қаженовтің пікірін білген болатын.

"Нораның дауы азаймай тұр, біресе аяғы ауыр болды, енді допингпен ұсталды. Бұл отандық спорт, жеңіл атлетика үшін өте қиын жағдай. Федерацияның беріп жатқан ақпаратын ақталу деп есептейміз. Негізгі кінә - соларда. Жалпы бастапқы кезде легионер әкелуге көпшілік қарсы болды, бірақ алып келді. Ол медаль алды. Жылтыр медаль болғандықтан, халық аса қуана да қойған жоқ. Солай федерация бөлінген ақша туралы есеп беріп, ақшаны ақтадық дегендей жауып жүрді. Енді допингпен ұсталып отыр", - деді журналист.

Оның айтуынша, допингті тексеріп жатқан халықаралық ұйым спортшыны жайдан-жай күдікке алмайды.

"Бұған дейінгі тәжірибе бойынша, допинг дауына іліккен спортшылардың бәрінің дерлік тыйым салынған препаратты қолданғаны дәлелденеді. Менің ойымша, Нора препаратты қолданған. Алайда оны ресми растау үшін уақыт қажет. Алдағы уақытта оны тексеріп, құжатпен бекітіп, спорттан шеттететін сияқты", - деді Қаженов.

Сонымен қатар сарапшы "Нора Джирутоның допинг қолданғаны расталса, ол да басқалар секілді алтын алғаны үшін алған сыйақыларды қайтармай ма?" деген сұраққа нақты жауап берді.

"Ал спортшының допинг сынамасы оң нәтиже көрсеткен жағдайда, ол алтынды қайтарады. Сонда біздің спорт, үкімет, халық бүкіл жағынан ұтылып тұр. Легионерді әкелдік, ақша төледік, қазір де ақша беріп жатырмыз. Медаль алғанына тағы да ақша (заң бойынша бекітілген сома) бердік. Алдағы уақытта допинг қолданғаны дәлелденгенімен, ол ешқандай ақшаны қайтармайды. Бүгінгі күнге дейін елімізде 50-ден аса ауыр атлет допингпен ұсталған. Бірақ мемлекетке біреуі бір теңге де қайтарған жоқ. Нораның жағдайының дәл солай болатынына сенімдімін. Спортшыны қылмыстық жауапкершілікке тартсаң да, әкімшілік жауапкершілік болса да, олардың айтатыны - "менде ол ақша жоқ, жұмсап қойғам, менде бары - осы" деген сөз", - деді ол.

Журналистің пікірінше, еліміздегі легионер спортшыларды Отандарына қайтару қажет.

"Біздің мемлекет, минстрлік, федерациялар жылтыр, жылдам жеңіске құмартып тұр. Жеңіл атлетикада легионер ретінде келген 4 қыз бар, бәрін еліне жіберетін уақыт келген секілді. Басқа спорттағы легионерлермен де осылай қоштасу керек. Одан да жарыстарға қазақ балалары қатыссын. Бұл оқиға алдағы уақытта сабақ болуы керек. Бірақ білмеймін, сол сабақ болмай келе жатыр. Қазір заман басқа, қазаққа легионер керек емес дер едім", - деді Қаженов.

Loading...