Алматыда әскери сотта Әлібек Қалбайдың өліміне кінәлі деп айыпталған атыраулық сарбазға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Taulik.kz.
Halyq-uni.kz хабарлауынша, Атыраулық сарбаз Айболат Аманжолов қылмыстық кодекстің 440-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айта кетейік, бұған дейін марқұмның туыстары мен сотталушының анасы тергеудің атүсті жүргізілгенін айтып, жазықсыз сарбаздың сотталмауы қажет екенін жеткізді.
Маңғыстаулық Әлібек Қалбай 2022 жылдың 22 сәуірінде Жамбыл облысы Отар ауылында орналасқан әскери бөлімде қайтыс болды. Ол сапта тұрған кезде кенеттен есінен танып құлаған. Жас сарбаздың қазасына байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдіріп, Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырған болатын.
Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты сот отырысы Алматы гарнизоны әскери сотында 23 тамызда басталды. 2022 жылдың қарашасында істі сот прокуратураға қайтарды.
Оның өліміне қатысты күдікті деп танылған 18 жастағы атыраулық сарбаз Айболат Аманжолов қазір Алматыдағы тергеу изоляторында отыр. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 440-бабының 4-бөлігі бойынша іс қозғалған.
Екі сарбаз да әскерге 13 сәуірде шақырылған және олар әскери ант қабылдап та үлгермеген. Әскери бөлімге 18 сәуір күні жеткен.