Ақтөбе облысында аудандық білім беру бөлімінің басшысының әйелі оқушыны ұрды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды taulik.kz сайты. Halyq-uni.kz жазуынша, оқиға 3 сәуір күні Шалқар ауданында болған. Қаратоғай ауылының 10 жастағы оқушысы Нұрсаят Мұратов екі бірдей педагогтен зәбір көрген. Оның бірі - мектептің тәрбие ісінің меңгерушісі. Нұрсаяттың әкесі Дәуірбай Мырзағарының айтуынша, баласына 10-сынып оқушысына Whatsapp желісі арқылы дөрекі сөздер жазды деп айып тағылған.
"Мектепке шақырып, баламның тәртіп бұзғанын айтты. Тіпті баламды кабинетке сүйреп әкелді. Мен оған ренжіп тұрғаным жоқ. Сол жерде мұғалімдерден баламның қылығы үшін кешірім сұрап кетіп қалдым. Бірақ ұлымды мұғалімнің ұрғанын білмедім. Ертесі күні мені полиция баламмен қосып шақырды. Мен малдан шыға алмайтынымды айтып бармап едім, олар ата-ана құқығынан айырамыз деп бірнәрсе айтты. Сөйтсе жаңағы баламды ұрған мұғалім Гүлзат Сүлейменова полицияға баламның үстінен арыз жазыпты", - дейді Дәуірбай Мырзағары.Шалқар аудандық полиция бөлімі педагог Гүлзат Сүлейменовадан 5- сынып оқушысының үстінен шағым түсіргенін растады.
«4 сәуір күні Гүлзат Сүлейменова полицияға хабарласып «Нұрсаят Мұратов балағат сөз айтты» деп шағым жазды. Біз Нұрсаяттың әкесі Дәрібай Мырзағарыны шақырып жауап алып, мұғалімге қарсы шағым жазуға болатынын айттық. Бірақ Дәуірбай Мырзағары мұғалімнің үстінен арыз жазудан бас тартты. Біз бұл істі аудан әкімі жанындағы комиссияға жібереміз. Ары қарай солар шешеді, - деді ПД басшының орынбасары Айбек Борашев.Ешнәрседен хабары жоқ әке баласын аудандық ауруханаға әкелген. Себебі бала екі күн түні бойы ұйықтамай, шошып жылап шыққан.
«Балам соңғы екі күнде ұйықтап жатып шошып оянып, орнынан тұрып жүріп кете берді. Сосын ауданға дәрігерге әкелдім. Психолог баламды қатты шошынған деді. Баламды ұрғанын мен білмеппін. Оны маған аудан емханасындағы психолог айтты. Мектепте оқушылармен төбелесіп қалған шығар дедім. Сөйтсем, мұғалім ұрған екен. Балам Whatsapp арқылы 10 сыныптағы оқушы ұлға бір қыздың атынан дөрекі сөз жазғанын көрсетті. Ол қыздың анасы Гүлзат Сүлейменова мектепте мұғалім болып істейді, сондай-ақ мектептің тәрбие меңгерушісі. Тәрбие меңгерушісі күштеп балаға түсініктеме жаздырып баламды ұрған, - деді баланың әкесі.Бала мұғалімнің ұрғанын әкесіне айтпаған, бірақ психологқа бастан аяқ болған оқиғаны баяндап берген.
«Балада қорқыныш бар. Нұрсаят «Айсұлтан деген баланың әпкесінің атынан бір ұлға смс жаздым, пранк жасағым келді» дейді. Оны Айсұлтан біліп қойды да «әпкемнің атынан неге олай жазасың» деп тиісті деді. Содан Айсұлтан мен Нұрсаят ерегесіп қалған. Айсұлтан мұғалім анасына айтып барған. Нұрсаят та «Гүлзат апай мені бөлмеге кіргізіп, нұқып ұрды» дейді. Психолог ретінде айтарым балада үлкен үрей бар. Онымен қоса баланы полицияға апарып жатыр. Сонда баланың ары қарай жағдайы не болады?», - дейді психолог Үміт Елекбаева.Ал мектеп директоры Әбдіғали Қаюповтың айтуынша, аудандық аурухана психологы да, баланың әкесі де өтірік айтып жала жауып отыр.
«5-сынып оқитын Нұрсаят есімді бала Гүлзат Сүлейменованың қызының атынан жігітке «сүйісесің бе» деп дөрекі сөздер жазған. Оқушы қыздың інісі Айсұлтан Нұрсаяттың ісіне ашуланып ерегесіп қалған. Ал баланың әкесі Дәуірбай мұғалімдерге жала жауып отыр. Гүлзат Сүлейменованың 10 жылдық, ал тәрбие меңгерушісі Мейрамгүл Елеукенованың 32 жылдық тәжірибесі бар. Олар бұндай іске бармайды, бала өз еркімен түсініктеме жазған. Аурухананың психологтары да өтірік айтып отыр. Оқушы смс жазғанымен қоймай мұғалімді боқтағанына жиналыста куә болдым»,- деді мектеп директоры.Оқушы қыз да, Айсұлтан да мектеп мұғалімі Гүлзат Сүлейменованың баласы. Ал баланы ұрды деген күдікті педагог Гүлзат Сүлейменова аудандық білім бөлімінің басшысы Қазиз Жұмахановтың әйелі. Бұл жағдай туралы Қазиз Жұмахановтың өзінен де сұрап көрдік.
"Ол жағдай бойынша пікір бермеймін. Мектепте болған мұғалімдер берсін. Менің қызымның атынан аузына келгенін жазған. Сонда оқушы солай қала беруі керек пе? Мен тіпті ол сөздерді оқи алмаймын. Құқық қорғау органдары бұл мәселені шешсін», - дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Қазиз Жұмаханов.Білім бөлімінің басшысынан 10 жастағы бала жазған хабарламаны сұрап көріп едік, ол көрсетуден бас тартты. Қазіргі күні мұғалімдер бала боқтады деп куәгер жинап, қолхат жаздырып алып жатқан көрінеді. Ал аудандық дәрігерлер баланың әкесіне облыстық ауруханаға жолдама берген. Мектеп директоры болса, Дәуірбай Мырзағарыдан «арыз жазған мұғалімнен кешірім сұрауды» талап етіп отыр.