Мәжіліс төрағасы, Аманат партиясының төрағасы Ерлан Қошанов кулуарда мұнайшылар наразылығы жөнінде журналистер сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Taulik.kz qaz.ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
«Кеше болған оқиға – барлығы заң шеңберінде болды деп есептеймін. Өздеріңіз көргендей, жұмыскерлердің бәрі үйлеріне қайтты», - деді Ерлан Қошанов.
Парламент спикерінен журналистер «адамдарды кешегідей ұстау заң шеңберінде болды деп есептейсіз бе?» деген сұрағына Ерлан Қошановтың өзі «ал заң бұзудың өзі дұрыс деп ойлайсыз ба?» деп жауап берді.
«Әрине, ол жерде заң бұзылды. Митинг туралы заң бар. Заң да бұзылды, сонымен қатар мұның бәрі заң шеңберінде шешілді», - деді ол.
«Мұнайшылардың талабы туралы не ойлайсыз?» деген сұраққа Қошанов біржақты жауап бере алмайтынын айтты.
«Олардың талабы орынды немесе орынсыз деп айта алмаймын. Себебі мұнымен қазір құзырлы органдар айналысып жатыр. Мұның артында кім тұр? Кімнің әрекеті бар? Кім мұны ұйымдастырды? Тендер дұрыс өтті, өтпеді ме – мұны да анықтау керек», - деді ол.
Журналистердің митингтің ұйымдастырылуына әлдекімнің қатысы бар ма деген сұрағына Қошанов «мені сөзден ұстаймын деп ойламаңыз» деп жауап қайтарды.
”Мен сізге айтып жатырмын, бұл жерде барлығы мүмкін”, – деді ол.