ҚР Ұлттық экономика министрлігінде вице-министр Ілияс Өсеровтың қамауға алынғаны туралы ақпарат тексеріліп жатыр, деп хабарлайды Taulik.kz Azattyq Ruhy.kz-ке сілтеме жасап.
«Ұлттық экономика вице-министрі І.Өсеров «қамауға алынды» деген ақпарат тексеріліп жатыр. Осыған байланысты ресми ақпаратты күтулеріңізді сұраймыз», - деп түсіндірді ҰЭМ баспасөз қызметінде.Ілияс Өсеров 1985 жылы Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін, Тұран-Астана Университетін бітірген. Еңбек жолын 2007 жылы «Сбербанк» АҚ әкімшісі, жетекші маманы, менеджері болып бастады. 2009-2010 жж.– ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Инвестициялық саясат департаментінде түрлі лауазымдар атқарды. 2010-2013 жж. – ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің Инвестициялық саясат департаментінің сарапшысы, бас сарапшысы. 2013-2014 жж. – ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің басқарма басшысы. 2014-2015 жж. – Қаржы, ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау департаменті Ақпараттық қауіпсіздік басқармасының бас сарапшысы; ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының басшысы. 2015-2019 жж. – Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары, басшысы. 2019 жылы Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болды. Өсеров 2019 жылғы мамырдан 2022 жылғы наурызға дейін Алматы әкімінің орынбасары болды, содан кейін 2022 жылғы наурызда Ұлттық экономика вице-министрі болып тағайындалды.