Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров депутаттық сауалында біржынысты некені насихаттаушыларға қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды taulik.kz.
«Біз экономиканы реттейміз, саясатпен айналысамыз деп жүріп, идеология мәселесін естен шығармауыз керек. Мемлекет іргесінің берік болуы, халықтың баянды өмір сүруі үшін, ең алдымен, дәл осы идеология саласын реттеуіміз қажет. Оны бәріңіз білесіздер. Өздеріңізге мәлім, 8 сәуірде Астанада феминистер шеруі өтті. Бұл күні тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы митинг болады деген. Бірақ олай болмады, жиналғандар әйел теңдігін айтудан бастап, соңында гомосексуализмді насихаттады. Өрімдей балалар, арасында оқушылар да бар, ЛГБТ жалауын жамылып жүр.
Насихаттаушылардың артында Батыстың халықаралық ұйымдары тұрғаны да бәрімізге мәлім. Ең сорақысы, гей-пропоганда қазір Астана мен Алматы секілді ірі қалалардың жекеменшік мектептерінде де өте қарқынды насихатталып жатыр. Мұны сондағы оқушылардың әлеуметтік желідегі парақшаларынан ашық аңғаруға болады. «Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады» дейді қазақ. Өкінішке қарай, біз сол ауруды қоғамға жұқтырып алдық. Бұл бәлкім идеологияның әлсіздігінен шығар. Енді қанымызға сіңіп кетпей тұрғанда дереу алдын алу шараларын қолға алу қажет», - деді Ардақ Назаров.
Депутаттың айтуынша, кейінгі кезде еліміздің ақпараттық кеңістігінде біржыныстық неке, гомосексуализм, жынысын ауыстыру секілді мәселелер еркін насихатталып жатыр.
«Қазір менің осы депутаттық сауалым жарияланысымен-ақ өз қандастарымыз жағамнан алатынын біліп отырмын, «толеранттық», «төзімділік» деген сөздерді қалқан етіп, әлеуметтік желілерде қаралайды. Осындай азаматтарға айтарым: ертең сіздің ұлыңыз келіннің орнына еңгезердей қызтекені үйіңізге ертіп келсе немесе аялап өсірген қызыңыз еркекшорамен «отау құрып» жатса, толерантты болып батаңызды бересіз бе? Мұндай азғындық өз отбасыңызға келсе, төзесіз бе?
Дәстүрі мен руханиятынан айрылған ұлттың болашағы жоқ екені айдан анық. Ұлт құрыса – мемлекет құлайды. Біз жастарымыздың тәрбиесіне селқос қарамай, қазірден қамдануымыз керек. Кеше алаңда ЛГБТ жалауын жамылып жүрген балалар бөтен емес, ол – сіздің де, менің де балам, ол – қазақтың қаракөздері. Бәле менің үйіме келмесе болды деп алаңсыз жүре алмаймыз. Келетін індет келіп болды, оның тамырына қазір балта шаппасақ, ертең бармақ шайнап қалатынымыз айдан анық», - деді ол.