Алматыда жантүршіктіретін жағдай. Бетперде киген бәзбіреу адамның басы салынған пакетті базарға тастап кеткен. Шұжық дүкенінің сатушылары затын ұмытты екен деп ер адамның соңынан сыртқа шықса, ол ізім-ғайым жоғалған. Пакеттің ішіндегі басты көрген саудагерлер бірден полиция шақыртқан. Ал марқұмның денесі басқа жерден табылды. Тәртіп сақшылары өлген әйелдің кім екенін анықтады, деп хабарлайды taulik.kz КТК арнасына сілтеме жасап. Әдетте ығы-жығы базардың көшесінде бүгін ұшқан шыбынның ызыңы естілмейді. Полиция жолдың екі бетін де жауып тастаған. Басты назар қоршауға алынған аумақтағы жерде жатқан пакетте. «Ішіндегісі бас па?» деп сұрасақ, саудагерлер үнсіз бас шұлғиды. Алдияр Әбиболла күдіктіні өз көзімен көрген куәгердің бірі.
«Осы жерде жүрді, жүрісі күдікті, очки киіп алған, маскада болды. Көк аспан көк бар ғой, сондай курткамен ары бері жүрген еді. Пакетті ол біздің көрші ана жердегі дүкенге, сол жерге тастады. Дүкенннің ішіне тастады. Кейін ол күзет пен контралерды шақырды. Енді күдікті адам келіп тұр ғой. Сосын сыртта тексеріп ашып қараса адамның басы шыққан», - дейді саудагер Алдияр Әбиболла.Күдікті қолындағы пакетті шамамен 12-нің шамасында шұжық сататын дүкенге тастаған. Оған дейін базар ішін арлы берлі 3-4 рет айналып жүрген көрінеді. Пакетті ашқанда ішіндегі басты көріп, шалқасынан түсе жаздаған сатушының бозарған бетіне әлі қан жүгірмеген. Өз-өзіне келе алар емес. Әлеуметтік желіде жайсыз жаңалықты естіп, жағасын ұстаған жұртшылық арасынан оқиға куәгеріміз деген қолданушылар табылды. Кейбіреуінің айтуынша, марқұмның денесі осы аумақта табылған. Алайда, әзірге полиция бұл қылмыстың мән-жайы туралы ашып айтпады. Әлеуметтік желіде басы кесілген мәйіттің фотосы тарады. Кешірек полиция ресми растады. Саябақ маңындағы қараусыз қалған ғимарат жанынан таңғы 9 шамасында әйелдің мәйіті табылған. Жеке басы анықталды. 1976 жылы туған әйел бұрын бірнеше рет сотталған.
«Тұрақты тұрғылықты жері жоқ, бұрын есірткі қылмысы үшін бірнеше рет сотталған. Біраз уақыттан кейін сол маңдағы сауда орындарының бірінен әйелдің басы табылды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Түрксіб аудандық полиция басқармасы ҚР ҚК 99-бабы бойынша қылмыстық істі тіркеді. Қылмысты ашуға және оның мән-жайын анықтауға бағытталған жедел іс-шаралар кешені жүргізілуде», - дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.Сұмдық қылмысқа барған, онымен қоймай базарда бас салынған пакетпен емін-еркін тайраңдаған күдікті қолға түспеді. Оның жеке басын анықтадық деген полиция әзірге ақпарат таратпады.