Күніне 10 түйе, 20 сиыр сауатын Балжан Пірімбетова екі дипломы бар қаланың қызы болған. Оның бір шаруашылықтың жұмысын дөңгелетіп отырғанына әрі іскер келіншек атанғанына 20 жыл болыпты, деп жазады Taulik.kz dauletten парақшасына сілтеме жасап.
"Мектепті үздік бітірдім. Екі дипломым бар. Алғаш келген кезде "қаланың қызы, ештеңе білмейді" деп ұрыспай, бәрін үйреткен енеме алғыс айтқым келеді. Енеммен бірге екі келін бір шаңырақ астында тұрып жатырмыз. Бізде "сенің тірлігің, менің тірлігім" деген жоқ. Күніне 10 түйе, 20 сиыр сауамын. Қалған 6 сиырды келінім сауады. Алдымен түйені сауып келемін. Ал жолдасым боталарды шығарып тұрады. Одан кейін сиыр саууға кірісемін." - дейді ол.Мал ауырып қалса оны да өзі емдейді екен. Таңғы тіршілігі түйе сауудан басталатын келіншек трактор айдауды да үйреніп алыпты.Бүгінде жұбайымен екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Үлкені 19 жаста. Қазір медицина саласында білім алып жатыр.
"Күзде жоспар бойынша ветеринарлар келіп малды емдеп кетеді. Қалған уақытта ауырып қалса, өзім емдеймін. Дәріханадан керекті дәрі-дәрмектің бәрін әкеліп қойғанмын. Негізі, арманым дәрігер болу еді. Анам «тұрмысқа шықсаң, сені дәрігерлікке кім оқытады?» дейтін. Құдайға шүкір деймін, қазір дәрілердің бәрін зерттеп, қорадағы малдарымды емдеп жүрмін", – дейді ол күліп.