Екібастұздың әкімі монополисті сотқа берді. Аян Бейсекин «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-не қыста бюджеттен берілген 22 млн теңге қаржыны қайтартпақ, деп хабарлайды Taulik.kz Azattyq Ruhy.kz-ке сілтеме жасап.
Айта кетсек, өткен жылдың 27 қарашасында шаһардың жылу желілерінде ақау шығып, жылу электр орталығындағы қазандықтар істен шыққан болатын. Апат салдарын жою жұмыстарына монополист компанияның қауқары жетпеді. Тіпті, дайын болмай шықты. Амал болмағандықтан бірнеше аймақтың коммуналдық шаруашылықтары мобилизацияланып, көмекке келді. Соларды жанар-жағармай, ыстық тамақ, жататын орынмен қамтамасыз ету үшін төтенше жағдайлар резервінен қаржы бөлінді. Монополист енді бұл қаржыны қайтарудан бас тартып отыр.
«Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотта іс қаралып жатыр. 22 млн. теңге төтенше жағдай салдарын жою үшін берілген. Бұған дейін «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-і бұл мәселені медиациялық тәртіппен шешуден бас тартқан болатын», - деді Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Зарлықова.
Қазіргі уақытта монополист компаниядан жылу желілері мемлекет меншігіне қайтарылды. 8 қазандық күрделі жөнделетін болады. Қажетті қаржының 50 пайызы бюджеттен, 50 пайызы меншік иесі есебінен бөлінбек. Қазірдің өзінде қазандықтар мен жылу желілерін жөндеуге 11 млрд теңге қарастырылып отыр.