Биыл Ақтөбе облысында халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің жалақысы 50 пайызға артып отыр, деп хабарлайды Taulik.kz сайты baq.kz-ке сілтеме жасап.
Жыл басында 25 пайызға еңбекақысы көбейіп, қуанған қызметкерлер шілде айында тағы да 25 пайызға жоғары жалақы алды.
Жалпы бұл қуанышты жаңалық тек Ақтөбе облысында ғана емес, еліміздің барлық дерлік өңірінде болып отыр.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының омбудсмені Майра Айсинаның айтуынша, жалақыны көбейту мәселесі елімізде жүзеге асырылып жатқан «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспары аясында шешілген.
«Жыл сайын елімізде әр сала мамандарының жалақысы артып келеді. Осыған орай биыл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басшылығы өз қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту үшін осындай қадамға барды. Бұл қадам нәтижелі жұмыс істеу үшін жасалып жатыр. Өздеріңізге белгілі, биылғы жылдың қаңтар айында корпорация қызметкерлердің жалақысын 25 пайызға көбейтті. Міне, 1 шілдеден бастап жалақы мөлшері тағы да 25 пайызға артып отыр. Осылайша биыл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мамандарының еңбекақысы 50 пайызға дейін артты. Бұл — қызметкерлер үлкен қуаныш, — дейді ол.
Айта кету керек, корпорация қызметкерлерінің айтуынша, олардың жалақысы бұған дейін 85-115 мың теңге аралығында болған.