Мәзір
18 сәуір, 2023 / taulik / Жаңалықтар

Денесі канал маңынан табылған оқушыға қатысты тың дерек шықты

Денесі канал маңынан табылған оқушыға қатысты тың дерек шықты

Денесі канал маңынан табылған оқушыға қатысты тың дерек шықты Денесі канал маңынан табылған оқушыға қатысты тың дерек шықты
ашық дереккөзі
Түркістан облысы Төрткөл ауылынының тұрғындары кісі қолынан қаза тапты деген Аружан Орынбаеваны соңғы сапарға шығарып салды. Бір апта бұрын ауылдағы каналдан 9-сыныпта оқитын өрімдей қыздың денесі табылған болатын. Полицейлердің айтуынша, Аружанды пышақтап, денесін суға лақтырды деген күдікпен сол ауылдағы жоғары сыныптың оқушысы қамауға алынған, деп хабарлады taulik.kz Информбюро бағдарламасыне сілтеме жасап. Марқұмның туыстарының сөзінше, күдікті жалғыз емес. Олар Аружанның өліміне қатарластарының да қатысы бар дейді. Кісі қолынан қаза тапты деген Аружанның өлімінен соң әулеті аза тұтып отыр. Әкесі мен шешесі басқа жерде жұмыс істегендіктен, Аружан атасы мен әжесінің тәрбиесінде болған. Тәртібі мен сабағы жақсы деп бағаланған жасөспірім соңғы кезде анасынан жиі ақша сұраған. Қазір туыстары бір түнде қыздарынан айырылып қалғанына сене алар емес.
«Көкірегінің астына екі рет пышақ тыққан. Содан кейін қолдарын тамырдан кесіп тастаған. Сөйтіп, суға лақтырып жіберген», – дейді марқұмның анасы Динара Селқараева.
Аружан 9-сыныпты бітірген соң, ата-анасы оны Астанадағы колледжде оқытуды жоспарлаған екен. Бірақ ол күнге жетпедік деп қайғыдан қан жұтып отыр. Анасының айтуынша, Аружанның өліміне тағы бір жігіттің қатысы болуы мүмкін. Ол қызының сыныптас құрбысының ағасы. Көрші мектепті бітіріп кеткен сол жігіттен үйдегілер түгел күдіктенеді дейді. Сөздерінше, бұл жігіт те, қамауға алынған оқушы да қызға сөз салып жүрген.
«Сол үйдегілер бұл бала кеше жаназада жүрді деп айтып жатыр. Аружанды шығарып салған кезде жүрді. Мына жақтағы судың қасында да болған. Өлтірген жердің бәрін тазалап тастаған», – дейді марқұмның анасы.
Туыстары Аружан үй артындағы канал маңында қайтыс болған дейді. Аружанның қас қарая телефонмен сөйлесіп жүргені сол маңайдағы камераға түсіп қалған. Кейіннен оның объективін өрмекшінің ауы торлап, көрінбей қалыпты. Ал таңертең арықтың маңы қанға боялған. Бойжеткеннің денесі канал бойындағы жасанды бөгеттен табылған.
«Анық әлі не себепті өлтіргенін айтқан жоқ. Белгісіз, жұмбақ болып отыр. Біз әрқайсымыз әртүрлі нәрсе топшылап отырмыз. Анадан бір әңгіме, мынадан бір әңгіме естіп жатырмыз. Ал заңды түрде бізге әлі ешқандай ақпарат берілген жоқ»,– дейді марқұмның әпкесі Ақмарал Бекманова.
Ал полицейлер бұл іске қатысты әзірге бір ғана күдікті барын айтады.
«Күдікті 11-сынып оқушысы. Ол полиция бөліміне жеткізіліп, қамауға алынды. Аталған жайтқа байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі «адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сот-медициналық сараптама тағайындалды»,– деді Түркістан облысы Полиция департаменті тергеу бөлімінің бастығы Нұрман Ағманов.
Жаға ұстатар жағдайдан мектеп ұжымы да аң-таң. Мұғалімдер қайтыс болған қыздың да, оны өлтіруі мүмкін деп ұсталған ұлдың да оғаш әрекеті мен өзара керіскенін көрмегенін айтады. Оның үстіне, ер бала ерегістен бойын аулақ ұстайтын еді деп отыр.
«Төбелеске бармайды бала, қорқақтау. Тіл байлығы жақсы. Бірақ анау айтқандай қылмысқа бара алмайды ол. Қол көтеру, төбелеске бармайды еш уақытта»,– дейді  мектеп психологі Ұлайым Әкімбай.
Қалай дегенмен де Аружанның анасы қызын бір ғана оқушы өлтірді дегенге күмәнмен қарайды. Тергеу әділ болса, тағы бірқатар қатарласының қатысы бар екені анықталатынына сенімді. Аружанды азаптап өлтіргендер заң жүзінде тиісті жазасын алсын деп отыр.

Апта талқысында: