Мәжілістің жалпы отырысында депутат Олжас Құспеков жүргізуші куәлігін беру саласындағы кемшіліктер туралы айтты, деп хабарлайды Taulik.kz. Massaget.kz жазуынша, Respublica фракциясының депутаты премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, онда жүргізуші куәлігін берудегі кемшіліктерді сынады.
"Қазақстанда жыл сайын 10-15 мың жол апаты тіркелсе, салдарынан 2 мыңға жуық адам қаза табады, яғни жыл сайын жол үстінде үлкен бір ауыл тұрғындарының жоқ болып кетуімен пара-пар. 30 жылда жол апатынан қайтқандардың саны Ауған соғысында қаза тапқан КСРО әскер санынан 4 есе асып отыр. Жол апаты салдарынан болатын экономикалық шығынның көлемі - жылдық жалпы ішкі өнімнің 3 пайызы. Жол апатынан қаза тапқандардың саны жыл сайын өсіп келеді", - деді Олжас Құспекова ҚР Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.Сарапшылардың пайымдауынша, жол апаты көбеюінің негізгі себебі - емтиханды тапсырмай-ақ жүргізуші куәлігін еш кедергісіз оп-оңай алу мүмкіндігі. Ондай көмекті емтиханды өткізуді ұтып алған мердігер компанияның қызметкерлері де, арнаулы халыққа қызмет көрсету қызметкерлері де ұсынып жүр. Жыл сайын жол ережелері емтиханын тапсырушылардың саны - орташа есеппен 424 мың адам. Шамамен олардың 10 пайызы - 42 мың адам куәлікті сатып алса, сатудан түскен қаражаттың көлеңкелі айналымы жыл сайын 8 миллиард теңгеден асады.
"Адам өліміне әкелетін осындай қылмыстардың өршіп тұруына неге жол беріліп отыр? "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы жүргізуші куәлігін алуға емтихандарды қабылдау жөніндегі қызмет түрін үшінші тұлғаға заңсыз негізде беріп отыр. Бұл қызмет түрін нарыққа беру туралы шарт ешқандай заңда қарастырылмаған. Мердігер компанияға ақпараттық қауіпсіздік пен құрылғыларға қатысты қойылатын талаптар ескерілмеген. Жүргізуші куәлігін алу кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілгендіктен, бұл қызмет түрін "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы құзыреттілігі аясынан алып тастау ұсынылып отыр", - деді депутат.Сонымен қатар ол бұл мәселе бойынша Ішкі істер министрлігі, Цифрлық даму министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктерінің қатысуымен кеңесші орган құруды ұсынды.
"Сыбайлас жемқорлық белгілері бар тәуекелдерге түбегейлі талдау жасап, болашақта оларлы болдырмау жайлы механизмді енгізуді, сондай-ақ бұл мемлекеттік қызмет түрін бәсекелестік жағдайында және Қазақстан заңдарын сақтай отырып нарыққа беруді ұсынамын", - деді Олжас Құспеков.