Түркістанда бір мектептің барлық оқушысы сабаққа барудан бас тартты

Түркістанда бір мектептің барлық оқушысы сабаққа барудан бас тартты

ашық дереккөзі

Түркістан облысы Төлеби ауданында орналасқан «Диханкөл» жалпы орта мектебінде оқитын оқушылар 20 сәуір күні жаппай сабаққа бармады, деп хабарлайды taulik.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап. Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасындағылар балалардың сабаққа келмегенін растады. Басқарма мәліметінше, мектеп директоры орынбасарының қызметінен босатылуын талап еткен ата-аналар 20 сәуірде балаларын сабаққа жібермей қойған. Түркістан облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, ата-аналар екі жасөспірімнің арасында болған келеңсіз оқиғаның әлеуметтік желіде жарияланып, Қазақстанға жаппай таралуына ықпал еткен директордың орынбасарына осылай наразылық білдірген. Оның жұмыстан босатылуын талап еткен. Оқушылар жаппай сабаққа бармағаннан кейін аудан әкімінің орынбасары, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы, аудан прокурорының орынбасары мен полиция бөлімі басшысының орынбасары 100-ге тарта ауыл тұрғынымен және мұғалімдермен жиналыс өткізген. Жиын барысында директор орынбасарының денсаулығы сыр беріп, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Соған байланысты жиналыс шешімі басшы орынбасары қызметке шыққаннан кейін қабылданатын болды. Жиналыс кезінде жүргізілген түсіндіру жұмысынан соң ата-аналар балаларын сабаққа жіберуге уәде еткен. Аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев ата-аналар әлеуметтік желіде жарияланған жазба ғана емес, директор орынбасарының жұмысына, жалпы балаларына мұндай педагогтың білім беруіне қарсы шыққанын айтты. Олардың шағымы заң шеңберінде қаралады.

Loading...