Оралда 7 жасар бала ойын алаңында ойнап жүріп саусағынан айырылды, деп хабарлайды taulik.kz Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап. Қайғылы оқиға туралы «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі, қоғам белсендісі Бауыржан Ахметжан желідегі парақшасында жариялады. Белгілі болғандай, 6 сәуірде Сарытау шағынауданындағы балалар алаңында 7 жасар бала ойнап жүріп, шынашағынан айырылып қалған.
«Сырғанақпен ойнап жатқанда баланың саусағы ағаш тақтай мен темір қаңылтырдың арасына қысылып қалған. Баланың анасы қоғам белсенділеріне жүгініп, олар қылмыстық іс қозғау туралы арызын прокуратураға жолдады», - дейді Бауыржан Ахметжан.Оқиға орнына жеткен қоғам белсенділері темір тіректердің жылжып кетуіне байланысты темір тақтайдың астында саңылау пайда болғанын көрген. Бауыржан Ахметжанның айтуынша, спорт кешені 2020 жылы 53,4 миллион теңгеге салынған. Кепілдік мерзімі екі жыл делінген.
«Бұл оқиғаға әкімдік кінәлі деп есептейміз, олар өз нысандарын бақылаусыз қалдырып, тіпті жөндемейді де. Ата-аналар да ойын жабдығын мұқият тексермей, баланы ойнауға рұқсат бергенде немқұрайды қарайды», - дейді ол.БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі баланың жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілгенін, дәрігерлер түскен кездегі жағдайын орташа ауыр деп бағалағанын хабарлады. Баланың саусағы кесіліп, дезартикуляциялау отасы жасалған.