Ұзынкөл аудандық сотында «Ершов ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ-нің әдіскер-бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды taulik.kz Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.
Сотта анықталғандай, сотталушы әйел Ершов ауылдық округі әкімінің аппаратында әдіскер-бухгалтер қызметінде жүріп, өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, сеніп тапсырылған 2 698 368 теңге мөлшерінде ақша қаражатын жымқыру арқылы ұрлық жасап, оны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, жымқырған сомасын ішінара өтеді. Сот жазаны тағайындау кезінде сотталушының өз кінәсін толық мойындауын, шын жүректен өкінуін және кәмелетке толмаған балалардың асыраушысы болғанын жазасын жеңілдететін жағдайлар ретінде қарастырды. Іс бойынша жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Осы істің мән-жайын, жасалған қылмыстың ауырлығын, сотталушының жеке басын ескере отырып, сот сотталушыға 3 жыл мерзімге мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдарында тауарлық-материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады.
Үкім заңды күшіне енді.