Биыл елімізде 5G желісі іске қосылады

Биыл елімізде 5G желісі іске қосылады

ашық дереккөзі

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Қолжетімді интернет» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру жоспарлары қаралды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз қызметі хабарлады деп жазды Taulik.kz. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің мәлімдеуінше, ұлттық жобаның негізгі мақсаты – азаматтар мен бизнесті кемінде 100 Мбит/с деңгейінде жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтамасыз ету. 60 мың шақырым кабельдік телекоммуникация инфрақұрылымын салу арқылы 3 мыңнан астам ауылды интернетпен қамту жоспарланып отыр. Шалғайдағы шағын ауылды елді мекендерді кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін ғарыштық байланыс жүйесін пайдалану көзделіп отыр. Сонымен қатар 17 000 шақырым республикалық және негізгі облыстық автожолдарды мобильді интернетпен қамту бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Ол үшін 480-ден астам тиісті антенна-діңгекті құрылыстарды орнату жоспарланып отыр. Республикалық маңызы бар қалалар мен кейбір облыс орталықтарында 5G ұялы байланыстың жаңа буыны енгізіледі. 2027 жылға қарай әрбір республикалық маңызы бар қала мен астананы қамту 75%-ды, ал облыс орталықтарын қамту 60%-ды құрайды деп күтілуде. Ұлттық жоба аясындағы жекелеген бағыт – мектептердің интернетке қолжетімділігін қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта 3 063 мектепте Интернет жылдамдығы артты, ал 2023 жылдың қыркүйегіне дейін тағы 1 402 мектепте дәл осындай жұмыс жүргізілетін болады. Сонымен бірге интернет жылдамдығын арттырудың техникалық мүмкіндіктері жоқ 2003 мектепке дейін талшықты-оптикалық байланыс желілері (ТОБЖ) жеткізілетін болады. Премьер-Министр ұлттық жоба қалалар мен ауылдардағы интернеттің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты көптеген мәселені шешуге бағытталғанын атап өтті.

«Өкінішке қарай, бұл салада жүйелі жұмыстарды көре алмай отырмыз. Биылғы жылдың басынан бері Үкіметке байланыс және ақпараттандыру мәселелері бойынша азаматтардан 5 мыңға жуық өтініш пен шағым келіп түсті. Олардың басым бөлігі интернеттің жылдамдығы мен сапасына қатысты. Сонымен қатар елді-мекендерде, тіпті ірі қалалардың өзінде мобильді интернет жоқ немесе сапасы нашар. Мұндай шағымдар, әсіресе, Алматы мен Астанада көп», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, мобильді интернетке қызмет көрсету байланыс операторларының міндеттемелеріне неге кірмейтіні мүлдем түсініксіз. Интернеттің сапасы мен жылдамдығын өлшейтін құралдар жоқ.
«Бұл проблемаларды шешу керек. Қазіргі таңда адамдар бірінші кезекте интернеттің сапасына қарайды. Жай ғана желі тартып беретін кезеңнен өттік. Халыққа сапалы байланыс пен жылдам интернет қажет. Олар тарифтердің ақысын толығымен төлеп отыр. Сондықтан сапалы қызметті талап етуі орынды», – деп атап өтті Премьер-Министр.
Ол соңғы 3 жылда байланыс операторлары бұл салаға тартылған инвестицияларды шамамен 60%-ға дейін төмендетіп жібергенін атап өтті. Операторларға қымбат инфрақұрылымға қаржы салғаннан гөрі, анықталған заң бұзушылықтар үшін айыппұл төлей салған тиімді.
«Мұндай жағдайды түбегейлі өзгерту керек. Ұсынылып отырған ұлттық жоба дәл осы мәселелерді шешуге бағытталған. Оның негізгі мақсаты – халық пен кәсіпкерлік субъектілерін ең кемі секундына 100 Мбит болатын Интернетпен қамтамасыз ету. Талшықты-оптикалық байланыс желілерімен 3 мыңға жуық ауыл қамтылуы тиіс. Ал, 2027 жылға қарай республикалық маңызы бар қалалардың 75% және облыс орталықтарының 60% 5G технологиясымен қамтамасыз етіледі», — деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ деректерді беру деңгейі секундына 4-6 терабитке дейін болатын желілердің транзиттік мүмкіндіктерін ұлғайтуға басымдық беру қажет.

Loading...