18 жылға сотталған ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімов қаңтар оқиғалары кезінде мемлекеттік төңкеріс сәтсіз өтсе, Қазақстаннан ұшып кетуге арналған ұшақ дайындады, деп жазады taulik.kz. Orda.kz жазуынша, бұл туралы саясаттанушы Ербол Еділов өзінің telegram-арнасында жазған.
«Кейбір дереккөздердің хабарлауынша, Кәрім Мәсімовтің тұрғылықты жерінде тінту кезінде жол сөмкесі табылып, оның ішінде Кәрім Мәсімовтің дипломатиялық төлқұжаттары мен эвакуациялық жағдайға дайындалған 350 мың доллар және 50 мың еуро ақшасы болған. 2021 жылдың қазан айының басында және желтоқсан айының соңында К.Мәсімов пен А.Садықұлов билікті күшпен басып алудың қылмыстық жоспары жүзеге аспай қалған жағдайда К.Мәсімовті елден эвакуациялау бойынша оқу-жаттығу ұйымдастырған. ҰҚК «Арыстан» арнайы бөлімшесінің күштері мен құралдарын қолдану жағдайлары пысықталды. К.Мәсімовтің 2022 жылғы 5 қаңтарда СУ-95 NRK95100 қызметтік ұшағымен күндізгі уақытта билікті күшпен басып алу әрекеті сәтсіз аяқталса, шетелге ұшуға арналған жасырын оқу-жаттығулар жүргізді» делінген хабарламада.Мәсімовтың тағы бір орынбасары Ерғожин билікті басып жолындағы зерттеулер өткізді.
«Сонымен қатар, К.Мәсімовтің бұйрығымен Д.Ерғожиннің қатысуымен билікті басып алу мақсатында қоғамдық-саяси зерттеулер жүргізілгені белгілі болды. Олар қатаң құпия түрде жүргізілді, қаңтар оқиғасы кезінде зерттеудің басым бөлігі жойылды, ҰҚК қызметкерлерінің қатысуымен компьютерлер «тазаланды». Осы NAC Analytica қызметі үшін төлем К.Мәсімовтің осы мақсаттарға арнайы бөлінген жеке қаражатынан жүзеге асырылды» делінген хабарламада.