Мәжілісте депутат Ержан Бейсенбаев онлайн кредиттер туралы мәселені көтерді деп хабарлады Taulik.kz turkystan.kz-ке сілтеме жасап. Депутаттың сөзінше, «Ақжол» партиясы депутаттары бұған дейін халықтың онлайн кредиттер алу мүмкіндігін болдырмаудың қажеттігі туралы сауал жолдаған.
Мемлекет басшысы былтыр желтоқсанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықтың көп кредит алуын төмендету үшін кепілсіз онлайн микрокредит беруге тыйым салған елдердің тәжірибесін зерделеуді тапсырды. Қалып отырған келісім ел азаматтарына Қазақстанда отырып, басқа мемлекеттің аумағындағы қаржы ұйымынан кредит алуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, Еуразиялық экономикалық одақтың онлайн қарыздар беретін қаржы ұйымдары Қазақстан нарығына кіреді. Біз осы сияқты қарыздарды алу оңай екенін білеміз, – деді депутат.Айтуынша, қарыз алушылардың табыс деңгейі мен олардың кредит тарихы көбіне ескеріле бермейді. Соның салдарынан борышкерлердің кредиторлар алдындағы борыштық міндеттемелерін уақтылы орындамау сияқты жағдайларға тап боламыз.
Келісімді ратификациялау халықтың кредитті көп алуына әкеп соқтырмай ма? Бүгінгі күні онлайн кредиттерді толық алып тастау мүмкіндігін қалай бағалайсыз? – деп сұрады Ержан Бейсенбаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымовадан.Агенттік басшысының айтуынша, келісім трансшекаралық алмасу тәртібін бекітетіндіктен құжатты ратификациялау халықтың кредитті көп алуына әкеп соқтырмайды. Ол, сонымен қатар, онлайн кредит беру нарығын реттеу бойынша түсіндіріп өтті.
Біз тиісті өзгерістерді дайындап жатырмыз. Енді проблемалық кредит болса, қарыз алушыға жаңа кредит алуға тыйым салуға өзгерістерді дайындадық. Оны сіздердің (депутаттардың – ред.) қарауларыңызға енгіземіз. Ол оң нәтижесін береді деп сенеміз, – деп айтты ол.Әбілқасымова қандай өзгеріс енгізілетінін кулуарда қайтадан түсіндіріп берді.
Егер проблемалық кредитіңіз болса, онда жаңа онлайн микрокредит алуға тыйым салынады. Себебі кредит алушылардың өсуі неге байланысты? Мысалы, олардың банкте бір проблемалы кредиті бар. Сөйтіп оны жабу үшін микроқаржы ұйымына барып, жаңа кредит алады. Сол себептен проблемалық кредит туындаса, жаңа кредит беруге тыйым салуға ұсыныс енгіздік. Сонымен оның борыш жүктемесі өспейді. Бұл өте маңызды мәселе, – деді Мәдина Әбілқасымова Мәжілістің кулуарында.Бүгін Мәжілісте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтер алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын таныстырған болатын.