“Әкемді биліктегілер құйрығын баспақ түгілі, тамағынан ұстады. “Отыра бермей кет. Сен шаршаттың, басқа адамға орын бер” деп тұрып алды. Әкеме ақша ұсынған адамдар да бар. Назарбаевтың жанында жүрген коммерсанттар: “Зәке, ақшаңды алып, қоя ғой. Саған да, бала-шағаңа да жетеді. Қазақстаннан бала-шағаңды алып шетелге кет” деген екен. Менің естуім бойынша, 50 миллион доллардай ұсынған көрінеді. Ондай әңгіме болды. Негізі әкем маған ештеңе айтпайтын. Бірде екеуміз әңгімелесіп отырған кезде отырған кезде айтып қалды. Әкем менен: “Шамамыз келсе, шетелге барсақ, қайда барып тұрамыз?” деп сұрады. Мен ол үшін ақша керектігін айттым. Ол өзіне біреудің 50 миллион доллар ақша беретінін, бірақ оны алмайтынын айтты. Содан кейін маған: “Қайрат, мен саған бұл әңгімені айтқан жоқпын деп есепте. Мұндай әңгіме болған жоқ, басыңнан алып таста” деді. Бұл жағдай Президент сайлауына аз уақыт қалғанда, қайтыс боларынан 3-4 ай бұрын болды”, – дейді Қайрат Нұрқаділов.Сондай-ақ ол саясаткердің өзін өлтіргісі кеп жүргендердің барын сезгенін айтты.
“Әкем психотропты заттардан қорыққан болар. Ондай дәрілер адамның рухын сындырады. Оны ішкен сау адамның өзі жынды боп қалады. Айтқанынан қайтпайтын адамның көзін құртудың бір амалы – өлтіру. Түрмеге отырғызатындай әкемнен ештеңе таппады. Өкіметтен ұрлаған, жеген былықтары болғанда қамайтын еді. Түрмеге отырғызғанның өзінде өмір бойына кетер еді. Шығарар болса қазіргі уақытқа дейін шығатын еді, бірақ қандай денсаулықпен шығар еді? Тамаққа қосып берейін деп еді болмады, қамайын деп еді таппады, соңында атып тастады. Онымен қоймай өзін-өзі өлтірді деп шығарды. Мен криминалистика саласын түгелдей зерттедім. Бірақ өзгелер айтқандай өзін екі рет жүректен атып, кейін басынан ату деген мүмкін емес жағдай”, – дейді Қайрат Заманбекұлы.