Қоғам қайраткері, саясаттанушы Ғалым Байтұқ Қорғаныс министрлігінің жоғарғы оқу орындарымен байланысына пікір білдірді. Ол әскерде борышын өтегендердің университеттерге тегін түсуі әділетті емес екенін айтуда, деп хабарлайды taulik.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Ғалым Байтұқ өз пікірін
Facebook-тегі парақшасында жазды. Онда әскерде борышын өтеп келген азаматтардың Ұлттық Бірыңғай тестілеуден өтпей, университеттерге тегін грантқа түсу мәселесін көтерген. Яғни бұл әдіс әділетті емес дейді. Өйткені қаншама жас 11 жыл бойы мектепте оқып білімін жалғастыру үшін дайындалады. Ал әскерден барғандар сол бөлінген грант санына таласу екен.
“Әскери борышын өтеген азаматтарды жоғарғы оқу орнына грантқа тегін түсуін мүлде ойластырылмаған шешім деп білемін. Бұл мәселені былай түсіндірейін. Біріншіден, еліміздегі ЖОО оқу гранттары мен ғылыми жобалардан басқа мемлекеттен ешқандай трансферттер алмайды. Екіншіден, мемлекет тарапынан ЖОО-ның инфраструктурасын жаңартуына, корпустары мен жатақханасын жөндеуіне де қаржы бөлінбейді. Университет ішкі құрылыс жұмыстарынан бөлек профессорлық-оқытушылар құрамының жалақысын өз қаражаты есебінен көтереді. Әрине коммерциялық оқыту жүйесі бар шығар. Бірақ ол ақша грант құнынан 1,5-2 есеге аз. Одан бөлек елімізде қаншама жекеменшік университеттер бар. Онда сапалы білім болмаса да оқу бағасын жерге ұрып әлек”, - дейді ол.
Сонымен қатар Ғалым Байтұқ қарапайым ЖОО-ы шығыны өте үлкен екеніне тоқталған.
“Мысалға ең кішкентай мемлекеттік университет - бұл кем дегенде екі оқу ғимараты және екі жатақхана. Ал біздің Ualikhanov University-де 5 оқу ғимараты, 2 дене шынықтыру кешені және 5 жатақхана бар. Корпусы мен жатақханасы бұдан да көп ЖОО өте көп. Сіз мұның бәрін сақтау үшін қанша ақша жұмсау керегін түсінесіз бе? Жоғарғы оқу орнына түсу үшін талапкерлер ҰБТ тапсырады. Ал ол білім алуға деген дайындық. Жақсы балл алғандары грантқа түседі, жетпегені ақылы бөлімде жалғастырады. Бірақ осы мақсатқа жету үшін балалар қаншама кітап бетін ақтарады, оқиды, дайындалады, уақытын жұмсайды. Сонша дайындалған кезде аспаннан түскендей әскерде борышын өтеп келген бір адам тегін грантқа топ ете қалса не болады? Бұл таза әділетсіздік емес пе? Сондықтан мен қорғаныс министрлігінің бұл ұсынысына мүлдем риза емеспін. Бұған дейін ҰБТ-дан өте алмаған балалар әскери борышын өтеуге баратын. Ол кезде ешқандай кемсіту, әділетсіздік болған емес. Министрлік өз ісімен айналысқаны абзалырақ болар еді. Қорғаныс саласына байланысты отандық өндірістер ісіне аралассын, ұсыныстарын айтсын, әскери жабдықтардың қандайын сатып алған тиімді екенін көрсетсін. Білімге араласпағаны кәсіби тұрғыдан дұрыс болар еді”, - деп жазды автор.