Кәдеге жарату төлеміндегі өзгерістер қайта өңдеу мен экологиялық бастамалардың дамуына қолдау көрсетеді
2026 жылғы 8 мамырдан бастап Қазақстанда кәдеге жарату төлемін есептеу әдістемесіне енгізілген өзгерістер күшіне енді. Жаңа тәсілдер экологиялық қауіпсіздікті нығайтуға, көлік құралдарының қоршаған ортаға теріс әсерін азайтуға және ел автопаркінің жаңаруын ынталандыруға бағытталған.
Өзгерістер көлік құралдарының түрі мен санатын, сондай-ақ өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын ескере отырып, базалық мөлшерлемелер мен коэффициенттерді қайта қарауды көздейді. Атап айтқанда, жаңартылған қағидалар Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасынан әкелінетін жеңіл және жүк автомобильдеріне, автобустарға, тракторлар мен комбайндарға қатысты қолданылады.
Сонымен қатар, енгізілген жаңашылдықтар реттеушілік теңгерімсіздіктерді жоюға, ұлттық реттеуді ЕАЭО аясындағы міндеттемелермен үйлестіруге және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қорғауға бағытталған. Жаңартылған тәсілдер ЕАЭО ортақ нарығында көлік құралдарының айналымына бірыңғай жағдай қалыптастыруды және өзара саудадағы ашықтықты арттыруды да қарастырады.
«Кәдеге жарату төлемін есептеу әдістемесін жаңарту - бұл тек экономикалық шара ғана емес. Бұл заманауи, қауіпсіз әрі энергия тиімді техникаға көшуді ынталандыратын маңызды экологиялық құрал. «Жасыл даму» АҚ үшін қалдықтарды басқарудың тұрақты жүйесін дамыту және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамаларды қолдау басымдық болып қала береді», - деді «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасы Сәрсенбай Ержан.
Өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелері тетігі аясында қалыптастырылатын қаражат экологиялық жобаларды қолдауға, қалдықтарды қайта өңдеуге және кәдеге жарату жүйесін нығайтуға бағытталады.
Қабылданған өзгерістер сондай-ақ заманауи экологиялық стандарттарды енгізуге және қалдықтарды басқару саласындағы реттеу тетіктерінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Қазақстан табиғатқа түсетін жүктемені азайтуға, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі ұзақ мерзімді мақсаттарға бағытталған экологиялық тәсілдерді дәйекті түрде енгізіп келеді.
Ұйымның басты миссиясы - қоғамның, экономиканың және қоршаған ортаның мүдделеріне қызмет ететін тиімді, ашық әрі тұрақты жүйені қалыптастыру.