Еліміздің мектептерінде Ата-аналар академиясы жұмыс істей бастайды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қызылорда облысы Қазалы ауданының ата-аналары және жұртшылықпен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды taulik.kz Халық Үніне сілтеме жасап.
Министрлік балаларды оқыту, тәрбиелеу және дамытуда отбасы мен мектеп арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған «Ата-аналар академиясы» жалпыұлттық мәдени-білім беру жобасын әзірлеп жатыр, - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Министрлікке қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанованың айтуынша, президенттің тапсырмасымен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспар әзірленген.
Министрлік жетілдіріп жатқан заңнамалық базада баланың жәбірленуден қорғану құқығы бекітілген. Балалар арасындағы жәбірлеудің алдын алу, мектептердегі психология қызметінің жұмыс ережесі, балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездік фактілерін анықтау және олармен жұмыс істеу алгоритмі қабылданды.
Енді ата-аналармен осындай кездесулер еліміздің барлық өңірінде жалғасатын болады.