«Телеграм каналдар балаға өлудің жолдарын үйретеді» – атыраулық тұрғын

«Телеграм каналдар балаға өлудің жолдарын үйретеді» – атыраулық тұрғын

ашық дереккөзі

Жасөспірімдердің көпшілігі күмәнді телеграм каналдарда отырады. Ондағы админдер түрлі тапсырма беріп, санасы қалыптаспаған жас буынды жаман жолға итермелеп жатыр, деп хабарлайды taulik.kz Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.

Айнагүл Боранбаева (есімі өзгертілді - авт) үш баланың анасы. Балалары бастауыш сыныпта оқиды. Күмәнді телеграм каналдар туралы ол қолына қайын сіңлісі келіп тұра бастаған сәттен бастап білген.
"Қайын сіңлім бес оқиды. Анасы мен әкесі ауылда енемді бағып отыр. Бастапқыда ашық-жарқын қайын сіңлім қазір тұйықталып кетті. Далаға да шықпайды. Сабақтан келгеннен кейін бүркеніп жатып алып, телефон қарайды. Шыдай алмай бір күні телефонын алып қарадым. Сөйтсем ол "Гей и порно" деп аталатын телеграм каналда отыр екен. "Научим вас как безболезненно убить себя. Как болезненно убить себя и многому другому" деп жазылып тұрған группада оңбаған әңгімелердің түр-түрі бар" - дейді Айнагүл Боранбаева.
Айнагүлдің айтуынша, ондағы админдер группаға көбірек адам әкелуді жасөспірімдерге міндеттеп отырады. Және топ мүшелерін бір-бірімен жақын танысуға міндеттейді.
"12-ге енді толған қайынсіңлімнің 18 жастағы жігітпен сөйлесіп жүргенін көргенде жағамды ұстадым. Қайынсіңлімді ол группадан шығарып, каналды блокқа қойдым. Бірақ, ертеңгі күні мұндай каналдың мыңы шықпасына кім кепіл? Үкімет, құзырлы органдар баланы кибербуллингтен сақтандырудың амалдарын қолға алып, тик ток, телеграм сияқты каналдарды бұғаттаса екен" – дейді Айнагүл.
Шындығында, Айнагүлдің айтып отырғаны өте күрделі мәселе. Қазақстанда балалардың интернеттегі қауіпсіздігі толыққанды қорғалмаған. Жақында Парламентте балаларға арналған sim karta енгізу, сол арқылы балалардың интернеттегі өмірін толық бақылау мәселесі көтерілді. Әзірге бұл тек ұсыныс күйінде қалып отыр. Ресми деректерге қарағанда, өткен жылы Атырау облысында 4 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған. 13 жасөспірім суицид жасауға ұмтылған. Жыл басынан бері Атырауда үш жасөспірім өз-өзіне қол жұмсап, өмірмен қоштасты. Және олардың көпшілігі мектеп оқушылары. Анықтағанымыздай, Атырау облысы полиция департаменті мұндай күмәнді каналдарды бақыламайтын болып шықты.

Loading...