Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатқан бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионатын Талғат Сырымбетов пен Айбек Оралбай жеңіспен бастады, деп хабарлайды taulik.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Дүниежүзілік додаға алғаш рет қатысып отырған 22 жастағы Талғат Сырымбетов 60 келіге дейінгі салмақта таиландтық Сакда Руамтхаммен жұдырықтасты. Талғат үш раунд бойы шабуылдап, төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жетті. Т.Сырымбетов 1/16 финалда өткен жылғы Азия чемпионы, иорданиялық Мохаммед Абу-Джаджехпен рингке шығады. Айбек Оралбай 92 келіге дейінгі салмақта 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, болгариялық Радослав Панталеевпен шеберлік байқасты. Айбек бірінші раундта-ақ қарсыласын нокдаунға жіберді. Қазылар есебі – 5:0. А.Оралбайдың келесі қарсыласы да осал емес. Ол 1/16 финалда өткен жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, италиялық Азиз Аббес Мухийдинмен кездеседі.
Loading...