Түркістан облысы, Атамекен ауылының тұрғыны Гүлзахира Сексенбаева 54 жасында колледжге алғаш қадам басып, студент атанған. Медбике болуды бала күнінен армандаған ана білім алу үшін уақытта шектеу жоқ екенін айтты, деп жазады Taulik.kz Turkistan телеарнасына сілтеме жасап. Гүлзахира Сексенбаева тұрмысқа шыққаннан соң, бала-шағаның қамымен жүріп білім алуға мүмкіндігі болмаған. Бір күні балалары анасына өмірде орындалмай қалған басты арманыңыз қандай деп сұрағанда бірден студент атанып, лекция тыңдау екенін айтыпты. Содан қаншама жылдан бергі ойы жүзеге асып, 2017 жылы Сайрам колледжіне оқуға қабылданған. Алғаш көргенде аудиториядағылардың өзіне таңырқай қарағанын жасырмады.
“54 жасымда студент атандым. Жастармен бірдей болдым, аудиторияда отырдым. Бұл жерде жас маңызды емес. Келешегің мен өмірге деген құштарлығың сені осындай нәрселерге итермелейді. Мүмкіндік туып тұрған сәтте қолданып қалғың келеді. Сондықтан оқуға түсіп, студент атандым. Алғашында жетекшілеріміз де таңғалып, шынымен алып кете аласыз ба деген күдіктері болды. Жоқ мен 84 балл алдым. Ал 30 балға жете алмай құлаған да балалар болған”, – деді Гүлзахира.58 жастағы тұрғын төрт жыл бойы колледжде оқып жастармен бірге білім алған. 2022 жылы мейіргер ісі мамандығын алып шыққан. Тұрғынның ендігі ойы - мамандығына сай жұмыс істеп, ауыл тұрғындарына көмек қолын созу.