Әлеуметтік желіде Петропавл қаласының мәслихат депутаты Павел Афанасьевтің телеграм-арнасындағы жазбасы қызу талқыланып жатыр. Бір емес, бірнеше азамат әлеуметтік желіде оның Петропавл атауын өзгертуге қатысты жазбасын бөліскен, деп хабарлайды taulik.kz іnbusiness.kz сайтына сілтеме жасап. Фейсбукте "Аяз би" атымен белгілі қолданушы "Петропавл қаласының атын өзгерткісі келетіндер енді "мәңгүрт" болдық" деп жазған. Оның сөзінше, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты осылай үкім шығарған.
"Қала немесе облыстың атауын өзгерту жөніндегі мәселені біздің қоғамда тыныштық пен халықтың көңіл-күйін, келісім мен интернационализмді бағаламайтындар көтереді. Қалалардың атауын өзгертумен көпұлтты емес, моноұлтты мемлекет құрғысы келетіндер айналысады. Мәңгүрттер, Петропавлды өзгертуге барыңдар", - деп жазған депутат.Афанасьевті осы жазбасы үшін айыптап жатқандар көп. Жеңіс Құспан атты азамат "мынаны депутаттықтан қуу керек" деп жазған. Афанасьев телеграм-арнасында соңғы рет өзіне қатысты айыптауларды (қандай екені белгісіз) "чернухаға" теңеп, оған сенбеуге шақырып жазба қалдырған. Бұған дейін ол халықаралық тақырыптағы белгісіз автордың бірнеше жазбасын бөліскен. Белгісіз автордың жазбасында "Украинадағы неонацизм қалай күшейгені" жазылып, 2014 жылғы Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс Ресей призмасымен суреттеледі. Жазбада украиналықтарды "нацик" деп атайды. Осы жазбаны қалалық депутат "өте қызықты ақпарат" деп телеграм-арнасына бөлісіп қойған.