Алматы облысы Қарасай ауданы Елтай ауылдық округіне қарасты Көлашы ауылында бір отбасының 5 адамы қайтыс болды. Оқиғаның мән-жайын Sputnik Қазақстан тілшісіне туыстары айтып берді, деп хабарлайды taulik.kz.
Отбасындағы қайғылы оқиғаны бірінші болып көршінің баласы көрген. Ойнамақ болып келген ол есікті ашқанда аузынан көбік ағып, құлап жатқан баланы көреді. Жүгіріп көршілерді көмекке шақырады.
«Көршілер көмекке келіп, екінші қабатқа көтерілгенде бәрінің жатқанын көрген. Үйдің ішінде газдың иісі болмаған. Бірақ газ жанып тұрған, төтенше жағдайдың бір жігіті газ пеші 80-де тұрғанын көрген. Жүгіріп келсем, інім қайтыс болып кетіпті, төрт бала мен келінді жедел жәрдеммен әкетіп жатыр екен. Балалар тірі болды, бірақ құсып, әлсіреп тұрды», – деді марқұмдардың туысы Сарыбай Байғараев (аты-жөні өзгертілген).
Аурухана түскен төрт баланың үшеуі ұл, біреуі қыз. Ұш ұл таңертең көз жұмып, ал қыз кешке қарай қайтыс болған. Аналары бүгін жансақтау бөлімінен терапия бөліміне ауыстырылды.
«4 мамырда күндізгі сағат 15:30-16:00 шамасында бес науқас ауруханаға түсті. Бесеуінің жағдайы өте ауыр болды. Болжамалы диагнозы – газдан улану. Бірден жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Республикалық деңгейде онлайн кеңес алдық, облыстық деңгейдегі дәрігерлер барынша көмек көрсетті. Алайда бір тәулікте төртеуі көз жұмды. Аналарының жағдайы қазір тұрақты, жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Есін жиды. Арнайы психологтар жұмыс істеп жатыр. Алайда балаларының қайтыс болғаны туралы әлі білмейді. Жағдайына қарап, біз де балалары туралы ешнәрсе айтпадық», – деді Шамалған ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі Нұрсұлтан Жүзбеков.
Төтенше жағдайлар саласының мамандары әу баста астан улануы мүмкін деген болжам айтқан. Құтқарушылардың қазіргі уәжі белгісіз заттан уланған.
«4 мамырда сағат 16:04-де Алматы облысы ТЖД кезекші бөліміне Қарасай ауданы Елтай ауылдық округінің Көлашы ауылында жеке тұрғын үйде 6 адам (2 ересек және 4 бала) белгісіз заттан уланғаны туралы хабарлама келіп түсті. 1984 жылы туған ер адам (әкесі) және төрт бала (2010 жылы туған қызы және 2008, 2013, 2018 жылы туған ұлдары) қайтыс болды. 1985 жылы туған әйел (анасы) Шамалған ауылындағы Қарасай көпсалалы ауданаралық ауруханасына жатқызылды. Алдын ала себептердің бірі – белгісіз заттан улану», – деді ТЖД баспасөз қызметі.
Марқұм отбасының туыстары қайғылы оқиғадан әлі ес жия алмай жүргендерін айтады.
«Қарақалпақстаннан көшіп келгеніме 8 жыл болды. Келгелі бері танимын. Өте бір жақсы отбасы еді, көршімнің қайтыс болғанын жұмыста жүргенде естідім. Ертесі балалары қайтыс болды деді. Газдан уланды деп жатыр, мынау расымен сұмдық болды. Газды жалғап беріп қана қоймай, құбырларды тексеріп тұру керек қой», – деді Көлашы ауылының тұрғыны Марат Палманов.