Кеншілер мен металлургтерге пайызы төмен ипотека берілді

Кеншілер мен металлургтерге пайызы төмен ипотека берілді

ашық дереккөзі

"Отбасы банк" пен Қарағанды облысының әкімдігі металлургтер мен кеншілерге жеңілдетілген шарттармен баспана алуға көмектесуін жалғастыруда, деп хабарлайды taulik.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап. Екінші жыл қатарынан жеңілдетілген несиемен тұрғын үй алу бағдарламасы аясында биыл "АрселорМиталл Теміртау" АҚ тағы 12 қызметкеріне баспана сертификаттары табысталды. Жергілікті билік бұл бастаманы "Отбасы банкімен" ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) бірлесіп қолға алған. Тиімді бағдарламаның арқасында өңірдегі металлургтер мен кеншілер тұрғын үй сатып алуға мол мүмкіндік алуда. Жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Абай және Саран қалаларындағы шахталар мен комбинат жұмысшылары үшін өңірлік бюджеттен бір жарым миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ "Отбасы банк" бұл қаражатқа қосымша 500 миллион теңге бөліп отыр.

"Облыста екінші жыл қатарынан кеншілер мен металлургтерге арналған, шарттары жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама жүзеге асырылуда. Өткен жылы 134 отбасы қолжетімді баспанаға қол жеткізді. Биылғы жылы кемі 75 отбасыға көмек көрсету жоспарда. Бұл жай ғана материалдық көмек емес, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға деген қамқорлық",- деді Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев.
Жергілікті билік бұл бастаманы "Отбасы банкімен" бірлесіп қолға алған. Бастапқы жарнасы 10 %. Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме  небәрі 5%. 15 жылға дейін берілетін қарыздың ең жоғары сомасы – 20 млн теңге. Бүгін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова кеншілер мен металлургтерге несие сертификаттарын салтанатты түрде табыс етті. "Отбасы банк" Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова нағыз еңбек адамдарын әрқашан қолдап, әлеуметтік әлеуетін нығайтуға көмектесуге дайын екенін жеткізді.
"Қарағанды облысы туралы сөз қозғағанда көз алдымызға өз ісіне мығым, батыл, ержүрек кеншілер мен металлургтердің бейнесі елестейді. Бұл нағыз еңбек адамдары. Олардың ошақ қасы болған кезде болашаққа сенімді қарап, мақсат құрулары да жеңілірек болады. Біз бұл маңызды жобаны екінші жыл қатарынан жүзеге асырып келеміз және оның көмегімен бүгінде жүзден астам жұмысшы қоныс тойын атап үлгерді. Былтырғы жылы Қарағанды облысында аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін 1,7 млрд теңге бөлінді. Осы қаражаттың көмегімен 134 адам армандағы баспаналарына қол жеткізді, атап айтсақ бұл – 70 кеншілердің және 64 металлургтердің отбасылары", - деді Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Жеңілдетілген несиемен берілетін тұрғын үй бағдарламасының ипотекалық сертификатын бүгін он екі кенші мен металлургке табысталды.
"Мен ақпараттық есептеу орталығының цехында 5 жылдан бері еңбек етіп келемін. "Отбасы банк" ұсынып отырған тиімді бағдарламаға өтініш қалдырған едім. Бағдарлама шартына сәйкес келіп, өткеніме өте қуаныштымын. Екі бөлмелі пәтерді алайын деп жатырмын. Банктен қарыз сомасы 20 миллионға келісім келді",- деді ақпараттық есептеу орталығының маманы Диана Жеңісова.
Жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың тізімін ұйымның кәсіподақ комитеттері анықтады. Пәтерді бағдарламаға қатысушылардың өздері таңдады. Шарт бойынша оны алғашқы немесе екінші нарықтан алуға болады. "Отбасы банк" Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова бұл бағдарлама дәстүрлі түрде жалғасын тауып отыратынын атап өтті.

Loading...