Түркістан облысының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 3 және 4 жастағы сәбилерін «үй ішін шашқаны» үшін оқтаумен ұрған 26 жастағы Дина Бабашованы кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Taulik.kz.
Азаттық радиосының хабарлауынша, 2 мамырда шыққан сот үкімін облыстық соттың баспасөз қызметі бүгін хабарлап отыр. Ал ол іс сотқа ақпан айында түскен.
Сот мәліметіне қарағанда, іс жабық қаралған. 26 жастағы жалғызбасты әйел 2 қызымен Төле би ауданының Леңгір қаласында тұрған. Үйдегі заттарды шашып ойнаған екі қызын асханадағы оқтаумен тоқтаусыз ұрып, жарақаттаған.
Сот-медицина сараптамасының қорытындысы бір қыздың ауыр, екіншісінің орташа жарақаттанғанын көрсеткен. Екеуінің де соққыдан миы шайқалған. Бірінің башпайлары, екіншісінің иығы мен оң қолының саусақтары сынған. Ал сараптама қорытындысы «сол жақ иық сүйегінің ашық ығысып сынғаны адам өміріне қауіпті» деп бағалаған.
Сот Дина Бабашованы Қылмыстық кодекстің 106-бабы («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») және 107-бабы («Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру») бойынша кінәлі деп танып, 6 жыл түрме жазасын кескен. Ол енді жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді.
Әйел Леңгір қаласында еден жуушы болып жұмыс істеген. Қазір оның 2 қызы Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының қамқорлығына берілді.