- Алматыда энергетикалық сусынды тұтыну салдарынан хирургиялық патологиясы бар науқастар саны артқан, деп хабарлайды taulik.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы №4 қалалық клиникалық аурухананың жоғары санатты дәрігері, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ №1 хирургиялық аурулар кафедрасының профессоры Абылай Баймаханов айтты,.
Дәрігердің айтуынша, кейінгі кезде асқазан ауруына шалдыққан науқастар саны артқан. Бұдан басқа түрлі диагнозбен түскен пациенттер де бар. Мамандар кейбір ауруды дер кезінде анықтау қиынға болғандықтан хирургиялық диагностикалық әдісті қолданып жатқанын айтады.
"Клиникамыздың жедел хирургия бөлімшесіне науқастар күн сайын қабылданады. Кейінгі кезде жастар арасында асқазан ауруларына шалдыққандар жиі анықталып отыр. Нақтырақ айтсақ, асқазан ойық жарасы мен асқазаннан қан кетудің ауыр түрі. Сондай-ақ қабылдау бөліміне іштің түсініксіз ауруы, жүйке қозуы, мазасыздану және жүрек айнуы мазалаған науқастар да жүгінеді. Мұның бәрі абдоминальды ауруларды диагностикалауда қиындық тудырады. Сондықтан хирургтар ауруды анықтау үшін диагностикалық лапароскопияға жүгінетін сәттері болады", – дейді профессор Абылай Баймаханов.
Қабылдауға келген әр адаммен сөйлесіп, зерттеу жүргізген кезде, көбі күніне 3-4 құты энергетикалық сусын ішкенін айтқан. Ал дәрігерлер газдалған сусын құрамындағы шамадан тыс қанттан асқазан тітіркеніп, ауырсынуы және бұл метеоризмге әкелуі мүмкін екенін айтады.
"Энергетикалық сусынның құрамындағы кофеин ауыр гастритке шалдықтыруы мүмкін. Салдарынан асқазан, ішекте қабыну, ауырсыну пайда болып, эрозия және қан кету белгілері анықталып жатады. Бүгінде әрбір жасөспірім энергетикалық сусынды кез келген сауда нүктесінен сатып ала алады. Өскелең ұрпақ энергетикалық сусынның зияны туралы білуі керек", – деп түсіндірді дәрігер.
Маман ата-аналарға балаларын бақылауға алуға кеңес берді. Сонымен қатар жасөспірімдер де "бірінші байлық – денсаулық" екенін ескергені жөн.