Депутат оранған қыз-келіншектердің көбеюіне қатысты пікір білдірді

Депутат оранған қыз-келіншектердің көбеюіне қатысты пікір білдірді

ашық дереккөзі

Мәжіліс депутаты елімізде хиджаб киген қыз-келіншектердің көбейіп кетуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды  taulik.kz Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

“Бұл жерде екі мәселе бар. Біріншісі – адамның ұстанымы, оның ішінде діни ұстанымы. Егер адам өз еркіммен осы жолға түстім, тақуалыққа бет бұрдым дейтін болса, ол сол адамның жеке құқығы. Оған теріс пікір айтудың немесе қолдаудың қажеті жоқ. Екінші мәселе – мұның артында бизнес тұруы мүмкін деген пікір бар. Жақында ғана Парламент онлайн жарнамаға қатысты заң жобасын жұмысқа алды. Егер желідегі контенттің ақысы төленген болса, салығын төлесін, жарнаманың ақылы екенін көрсетсін. Мәселен, теледидарды қоссаңыз, жаңалықтың жаңалық екені, жарнаманың жарнама екені айқын көрініп тұрады. Газет-журналдарда да ақылы материалдар арнайы белгімен таңбаланады”
Депутаттың пікірінше, осы ереже әлеуметтік желіде де қолданылуы керек.
“Егер қандай да бір топтардың, ұйымдардың атынан ақша алып, солардың ұстанымын, қызметін насихаттайтын болса, онда тұтынушы бас салып танымал адамның істегенін қайталамай, контенттің ақылы екенін ұғуы тиіс. Сонда қоғамда дау-дамау азаятын сияқты”, – дейді ол.
Мәжілісменнің айтуынша, орану, оранбау әр адамның өз еркі. "Бірақ тұмшаланып алғанды қолдамаймын" дейді ол. Сондай-ақ Айдос Сарым біздің еліміздегі діни көзқарастар басқа елдердің этно-демографиялық нышандарын елге алып келумен ұштасып жататынын атап өтті.
“Пәкістанның, араб елдерінің үлгісіне еліктейтіндер бар. Қазақ әйелдері орамал тақты, кимешек киді. Біз өзіміздің этно-мәдени құндылықтарымызды, дәстүрлерімізді дәріптеуіміз керек. Оның ішінде сән саласында да. Жуырда президенттің өзі айтты емес пе, біз әдемі бешпент, қамзолдарымызды тек мереке кезінде ғана емес, күнделікті тұрмысымыздың бір бөлігіне айналдыруымыз керек. Сонда ғана ұлт ретіндегі ерекшелігімізді көрсете аламыз. Қырғыздар қайда барса да айырқалпағын киіп жүреді емес пе”, – деп мысал етті депутат.

Loading...