Марат Жыланбаев қамауға алынды

Марат Жыланбаев қамауға алынды

ашық дереккөзі

25 мамырда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты тіркелмеген «Алға, Қазақстан» оппозициялық партиясының 60 жастағы төрағасы Марат Жыланбаевты екі айға қамауға алу жөнінде санкция шығарды, деп хабарлайды taulik.kz Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Азаттықтың хабарлауынша, Гиннесстің рекордтар кітабына еніп, дүйім жұртқа танылған супермарафоншы, кейінгі жылдары билікті сынап, наразылық акцияларына қатысып жүрген 60 жастағы Марат Жыланбаев Қылмыстық кодекстің 405-бабы ("сот тыйым салған ұйымның жұмысына қатысу") мен 258-бабында ("террористік не экстремистік әрекетті қаржыландыру") көрсетілген іс-әрекетке барған деген күдікке қалып отыр. Тергеу органының қаулысында «белсенді Қазақстанда тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының ұйымдастырушылары мен қатысушыларының әлеуметтік желісіндегі чатында болған». Тергеу органының шешімінде «Жыланбаевтың ҚДТ басшысы Мұхтар Әблязовпен және оның «шетелдегі штабымен» байланыста болып, олардан «конституциялық құрылымды өзгертуге» бағытталған тапсырма мен нұсқау алғаны» айтылған.
«Жыланбаев Әблязов шақырған рұқсат етілмеген митингілерге қатысып, оларды әлеуметтік желілер арқылы насихаттаған. 2023 жылы Жыланбаев Астанада болған кезінде ҚДТ экстремистік ұйымының қызметіне белсене қатысқан. 4 ақпанда ол Шымкенттегі ҚДТ белсендісіне 500 000 теңге аударған», - делінген құжатта.
Белсенді өзіне тағылған айыппен келіспейді. Мамыр айының басында Жыланбаев 20 тәулікке қамауға алынған. 23 мамырда ол уақытша ұстау изоляторынан полицияға жеткізілді. «Алға, Қазақстан!» тіркелмеген партиясы шамамен бір жыл бойы ресми тіркеу рәсімін бастау үшін биліктен рұқсат алуға тырысқан. 2023 жылдың ақпанында Жыланбаевтың кандидатурасы депутаттыққа ұсынылды, бірақ кейін сот оған «уақытынан бұрын үгіт жүргізді» деп айыппұл салынды.

Loading...