Алматы облысында моланың жерін меншіктеп алған азамат ойына келгенін істеп жүр. Бейітте туыстары жерленген тұрғындарға керек болса, 68 сотық жерді сатып алуды ұсынып отыр. Әйтпесе, сүйектерді эксгумациялап, бір ғасыр болған мұсылман зиратының көзін құртпақшы дейді. Сөйтіп жерлерді сатылымға шығаруға дайындап жатыр екен, деп хабарлайды Taulik.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Ал әкімдіктегілер бұл жердің мазарларымен қоса сонау 2004 жылы жекенің қолына өтіп кеткенін растап отыр. Мазалаған мәселемен тек сотқа жүгінуге болады деп тұрғындарға кеңес берді шенділер.
Марқұм болған жақындарының бейітін ұстап, шырылдап жүрген Соня Валиеваның соңғы бір айда кешкен күйі осы. Абай ауылындағы мына мұсылман зиратында 5 бірдей бауыры жерленген. Өткен айда сол мүрделер жатқан жердің жекенің қолына өтіп кеткенін естіп, жағасын ұстапты.
Бұл мәселе Жалғыз Соня Валиеваны ғана емес, бүтін бір Абай ауылының тұрғындарын түртіп отыр. Өйткені, зиратта 3мыңға жуық мола бар. Жалпы көлемі 2 гектар болса, соның 68 сотық жері жекенің меншігінде екен. Жұрттың айтуынша, зират мына контейнерден бастап, ар жақтағы қоршауға дейін тігінен екіге бөлінген. Мына жағы мемлекеттің меншігінде болса, ар жағы жекенің қолында кеткен. Сорақысы, жергілікті тұрғындардың ата-бабаларының моласы дәл сол жерде қалып қойыпты. Расында да, Абай ауылындағы сол 68 сотық жер арнайы сайтқа сатылымға шығарылыпты. Мүлік иесі оны 25 миллион теңгеге бағалапты. Алайда, жазылып тұру керек болған нөмірін таба алмадық. Хабарландыруды өшіріп тастаған сыңайлы.
«Тұрғындар ретінде біз жердің иесіне хабарласып, не болып жатқанын сұрадық. Бірақ, әркімге әр түрлі жауап берді. Біресе 2004 жылы сатып алдым десе, біресе жер мұрагерліктен қалды деп өзімізге сатып жатыр. Әкімдіктегілерге де хат жаздық. Бірақ, әлі күнге дейін жауап ала алмай жүрміз. Кейін оның полиция майоры екенін білдік», - дейді Рустам Қайриев.
Мүрделер орналасқан жердің қалай жекеге өтіп кеткенін білу үшін тұрғындар әкімдікке барды. Бірақ, Райымбек ауылдық округінің әкімі де, орынбасары да орнында болмай шықты. Екеуі бірдей ауырып қалыпты-мыс. Халықтың алдына шыққан бас маман жердің жекеге өтіп кеткенін растап отыр. Бірақ, жай-жапсарын білмейді.
«Загитов Мұхтар деген азаматқа жеке меншігіне шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген. 2004 жылы беріліп кеткен жер. Қандай себеппен, қандай жағдайда берілгені бізге белгісіз.Алдағы уақытта анықтау шараларын жүргізіп, комиссия құрып, орнына шығып тексеру жұмыстарын жүргіземіз», - дейді Райымбек ауыл округі әкімі аппаратының бас маманы Құралай Қошақанова.
Бірақ, тексерістен нәтиже шыға ма? Бас маманның өзі сотқа жүгіну керек деп отыр. Ал, сол күйі шырылдап қалған бұқара мәселені шешуді сұрап депутаттарға хат жазуға бекінген.