Еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов Мәжіліс депутаттарының əлеуметтік желілерде блогерлердің көрінеу жалған ақпарат тарату фактілеріне қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды taulik.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Ақпараттық кеңістіктің мониторингісін Ақпарат жəне қоғамдық даму министрлігі жүзеге асыратынына жəне жарияланымдарда қылмыстық құқық бұзушылықтар құрамының белгілері анықталған жағдайда оларды тергеулігі бойынша Ішкі істер министрлігіне жіберетінін атап өтеміз. Осы жылғы 4 айда көрсетілген фактілер бойынша ішкі істер органдары ҚК-нің 274-бабы бойынша 29 сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеген. Оның ішінде бір іс сотқа жіберілді, 8-і тоқтатылды (қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты), 8 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері үзілген (қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның анықталмауына байланысты), 12 іс тергеп, тексерілуде», - деді Бас прокурор жауабында.Оның атап өтуінше, осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу аясында Бас прокуратура «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңның 40-бабы тəртібімен БАҚ-та биыл екі рет үндеу жасап, онда ұлттық алауыздықты қоздыруға, сепаратизмді насихаттауға жəне жалған хабарламаларды таратуға бағытталған құқық бұзушылықтар үшін заңда белгіленген жауапкершілік туралы ескерткен.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару жəне жаңғырту жолы» атты Жолдауында мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын жəне медиа саланың даму үрдісін ескере отырып, осы саладағы заңнаманы қайта қарау қажеттілігін атап өтті», - деді Берік Асылов.