Атырау облысында жасөспірім аттан құлап, каналға батып кетті

Атырау облысында жасөспірім аттан құлап, каналға батып кетті

ашық дереккөзі

Атырау облысында аттан құлаған жасөспірім канал суына батып кетті, деп хабарлайды taulik.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы мәлім еткендей, оқиға бүгін, 30 мамырда болған. Бұл туралы жергілікті уақытпен сағат 15:00-де хабар түскен.

"Құрманғазы ауданының орталығы – Құрманғазы кентінен 38 шақырым қашықтықтағы Сафон ауылында тұратын 2011 жылғы жасөспірім атпен жасанды каналдың арғы жағалауына мал айдап өтпек болған. Сол кезде аттан құлап, канал суына батып кеткен. Құтқарушылар мен жергілікті тұрғындар іздестіру жұмыстарын жүргізіп, сағат 15:30-да суға батқан жасөспірімнің мүрдесін тапты", - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Іздестіру-құтқару жұмысына төтенше жағдайлар департаментінен 8 қызметкер мен 2 техника, Құрманғазы аудандық полиция бөлімінен 1 қызметкер мен 1 техника, ауылдың 20 тұрғыны мен 2 қайық жұмылдырылды.
"Өңір тұрғындарына су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын сақтауға байланысты профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп келеді. Соған қарамастан, жыл басынан бері облыстағы су айдындарында 3 адам батып кетті. Оның ішінде 2 бала бар. Құтқарушылары 4 адамды құтқарып қалды", - деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Loading...